Басты бет Жаңалықтар Алматыда газ құбырының жарылуының алдын ала себебі аталды

Алматыда газ құбырының жарылуының алдын ала себебі аталды

Фото: QazaqGaz Aimaq
Алматыдағы газ құбырының жарылу себебі алдын ала белгілі болды. Бұл туралы QazaqGaz Aimaq АҚ хабарлап отыр.

Алматыда жер асты газ құбырының жарылуына алдын ала болжам бойынша құбырдағы жасырын өндірістік ақау, диаметрі 426 мм болатын тігісті түтік бойындағы зауыттық жіктің тұтастығының бұзылуы себеп болуы мүмкін.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ мәліметінше, оқиға орта қысымды газ құбырын қайта жаңарту жұмыстары кезінде болған. «СантехКомплектГрупп» ЖШС мамандары бұған дейін салынған, бірақ пайдалануға берілмеген учаскелерді біріктіріп жатқан.

Қайта жаңарту жұмыстары 1972 жылы пайдалануға берілген ескі газ құбырының тозуына байланысты жүргізілді. Технологиялық тығынды кесу кезінде құбыр жарылып, ауа қоспасы сыртқа шыққан. Салдарынан жол жабыны, бірнеше көлік және бір ағаш зақымданған. Зардап шеккендердің қатарында бір көліктің жүргізушісі мен жолаушысы бар, оларға медициналық көмек көрсетілді. Халықты газбен қамту тоқтатылған жоқ. Қаза тапқандар жоқ. Бұған дейін аудан тұрғындарына жоспарлы жұмыстарға байланысты газ уақытша ажыратылатыны ескертілген, – делінген хабарламада.

Оқиға орнына дереу QazaqGaz Aimaq АҚ Алматы филиалының апаттық және техникалық қызметтері шықты. Жүргізілген тексеріс нәтижесінде газдың сыртқа шығу фактілері анықталған жоқ. Қосымша тексеру үшін филиалдың электрохимиялық қорғау қызметі тартылды.

Қазіргі уақытта зақымданған учаске ашылып, техникалық сараптама жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге оқиға орнында жергілікті газ қызметінің мамандары кезекшілік атқарып, жағдайды бақылап отыр. Бұл халықты газбен қамтуда қауіп-қатерлердің алдын алу үшін қолға алынған шара, – делінген хабарламада.

Exit mobile version