Мемлекет басшысы Франция президентіне құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронды Француз Республикасының ұлттық мерекесі — Бастилияны алу күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы бүгінде Франция саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда елеулі жетістікке жеткен халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтіп, достас француз халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қазақстан мен Франция қарым-қатынасы стратегиялық серіктестікке ұласқанына назар аударып, осы игі іске Эмманюэль Макронның қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.