Павлодар облысының 93 жастағы тұрғыны Сағадат Жұмабаев қажылыққа жинаған ақшасын ауыр науқас балаларға көмектесу үшін қайырымдылыққа жұмсады.
irbistv.kz порталының жазуынша, жары қайтыс болғаннан кейін Сағадат ата қарттар үйіне түскен. Содан бері Меккеге барып, қажылық жасау оның басты арманына айналды. 2011 жылдан бастап ақсақал осы сапарға ақырындап қаржы жинай бастайды. Алайда жылдар өте келе денсаулығы сыр беріп, сапар шегуге шамасы жетпейтінін түсінеді.
Сағадат Жұмабаев 3,6 миллион теңгесін мүгедектігі бар балалардың ата-анасына берген.
Меккеге барамын деп бірнеше жыл зейнетақымнан жырып, ақша жинадым. 2022 жылы шетелге шығу үшін төлқұжат алдым. Бірақ сол жылы қажылыққа баратындардың жасы 65-тен аспауы керек деген талап қойылды. Қасиетті сапардан бас тартуыма тура келді, — дейді Сағадат Жұмабаев.
Осы видео әлеуметтік желіде тарап кеткеннен кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қарияға алғыс білдіріп, қажылық сапарына жолдама сыйлады.