Жылу желілерін жөндеуге байланысты Абай даңғылы бір түнге жабылады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Абай даңғылының кейбір учаскесінде жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Осыған байланысты 11 шілде түнгі сағат 23:00-ден бастап 12 шілде таңғы сағат 08:00-ге дейін Абай даңғылы бойымен батыс бағытта, нақтырақ айтқанда, Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы жартылай шектеледі. Шығыс бағыттағы қозғалыста өзгеріс жоқ, — делінген хабарламада.