Алматы әкімі Дархан Сатыбалды күзгі ағаш отырғызу, көшелерді санитарлық тазалау және қалалық ортаны абаттандырудың жаңа стандарттарын енгізу бойынша кеңес өткізді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Жоспар бойынша, күзгі кезеңде мегаполисте 53 мыңнан астам ағаш отырғызу көзделіп отыр, оның ішінде биіктігі 4-5 метр болатын 9,3 мың ірі ағаш бар. Сонымен қатар кесілген ағаштың орнына 22 мыңнан астам тал егу және 356 мың бұтақтан тұратын буферлік жасыл аймақтар құру жоспарланған. Алатау, Наурызбай және Жетісу аудандарына ерекше назар аударылады. Жұмыстар автоматты суару жүйесін орнату жөніндегі бұрын әзірленген жоспарға (52 учаске, 290 км) және әзірленіп жатқан дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Қалалық тәлімбақ құруға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр, жобалық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді кешенді абаттандыру бағдарламасы ұсынылды. Бағдарламаның негізгі элементі ретінде скверлер, бульварлар, жаяу жүргіншілер көшелері мен шағын жасыл аймақтарды күтіп-ұстаумен орталықтандырылған түрде айналысатын «Жасыл Алматы» КММ-ін құру көзделіп отыр. Бағдарлама аясында абаттандыру мен көгалдандыру бойынша бірыңғай стандарттар енгізіледі. Ландшафтық дизайнды дамытуға, көпжылдық өсімдіктер үлесін арттыруға, автоматты суару және жарықтандыру жүйелерін енгізуге, сонымен қатар жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта құруға ерекше назар аударылады, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге санитарлық тазалаудың бірыңғай регламенті әзірленіп жатыр. Құжатта жұмыстардың сапасына қойылатын нақты талаптар, қолмен және техникамен тазалау көлемінің есебі, қызметкер санына қатысты нормативтер мен оларға ыңғайлы етіп бейімделген жаңартылған кесте қамтылады.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, егер абаттандыруға ақша бөлінсе, онда ол бойынша нақты нәтиже болуға тиіс.
Мердігерлер мен ведомстволық мекемелер жұмысты нақты атқаруы керек. Көп жерде суару жүйесі істемейді, жер телімі қызмет көрсетілетін аймақ ретінде тіркелгенімен, іс жүзінде күтім жасалмайды. Мұны түзеу қажет. Аудан әкімдіктері арқылы бөлінетін қаржы қатаң бақылауда болуға тиіс, – деді әкім.