Көкшетау қаласының 36 жастағы тұрғыны синтетикалық есірткі тасымалдап, сатпақ болғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Ақмола облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 2024 жылғы қаңтарда әйелдің заңсыз әрекетін әшкерелеген.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, әйел мобайл қолданба арқылы есірткі «жасырушы» қызметіне орналасып, куратордың нұсқауымен Астанада психотроптық заттарды сатып алып, жеке көлігімен Көкшетауға жеткізбек болған.
Алайда ол діттеген мақсатына жете алмады – Көкшетауға кіре берісте полиция қызметкерлері оны қолға түсірді, ал көлігінен ірі көлемдегі есірткі тәркіленді.
Жедел-іздестіру шаралары барысында автокөліктің ішінен шамамен екі келі синтетикалық есірткі табылды. Оның ішінде 990 грамм мефедрон, 1001 грамм а-PVP психотроптық заты бар.
Сонымен қатар пәтерінен есірткіні өлшеуге және буып-түюге арналған құралдар: таразы, орауыштар, скотч, контейнерлер және басқа да заңсыз әрекетке қолданылатын заттар анықталды.
Тергеу кезінде күдікті кінәсін толық мойындап, мұндай әрекетке ақша табу үшін барғанын айтқан. Сот үкімі бойынша ол орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен жеті жылға бас бостандығынан айырылды.