Алматының Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында 10 жасар баланы үш ит талап, бала ауыр халде Қаскелеңдегі аурухананың жансақтау бөліміне түсті.
Балаға шабуыл жасаған иттердің иесі оқиға болған күнгі видеоны жариялады.
Белгілі болғандай, бала досымен бірге есірткі мен алкогольге тәуелді жандар емделетін оңалту орталығының маңында ұзақ уақыт ойнаған. Бұл орталықта кинолог Алмаз өз иттерін арнайы вольерде ұстайды. Аталған күні аулада америкалық були тұқымындағы жас иттер бос жүрген. Оқиға видеосынан орталықтың тұрғын үйлерден алшақ орналасқаны байқалады. Балалар ойын барысында бір-бірін итеріп, нәтижесінде бірі орталық аумағына құлап кеткен. Бұл сәтте иттер өз аумағын қорғамақ болған. Иесінің айтуынша, қоршау темір, сол себепті жарақатты ит емес, темірден алған болуы мүмкін. Бірақ бұл деректі нақтылайтын сараптама әлі жүргізілмеген, — деп жазады жануарларды қорғау қауымдастығы.
10 жасар Максимнің шабуыл салдарынан құлағы жұлынып, жамбас тұсы жыртылып, басынан да ауыр жарақат алған. 1 шілдеде жағдайы тұрақталғаннан кейін 2014 жылы туған пациент Қарасай аудандық орталық ауруханасынан облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылып, реанимация бөліміне жатқызылды.