Басты бет Жаңалықтар 24 орман шаруашылығында өртті ерте анықтау жүйесі орнатылады

24 орман шаруашылығында өртті ерте анықтау жүйесі орнатылады

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Жыл соңына дейін 24 орман шаруашылығында өртті ерте анықтау жүйесі орнатылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлап отыр.

Қазіргі уақытта бұл жүйе 1 миллион 300 мың гектар орман қорын қамтиды. Өрт пен түтінді анықтау функциясы бар 127 камера орнатылған.

Биыл өртті ерте анықтау жүйесін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін бұл жүйе еліміздегі өрт қаупі жоғары 24 орман шаруашылығы мекемесінде іске қосылады. «Семей орманы» резерваты аумағында 37 камера орнатылып, қазіргі таңда сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, – деді министрліктің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов.

Тамыз айында сынақ мерзіміндегі камераларды өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы, жыл соңына дейін өртті ерте анықтау жүйесін 5,4 миллион гектар аумаққа енгізу көзделіп отыр.

Аталған бағыттағы жұмыстар 2026 жылы да жалғасады.

Министрліктің мәліметінще, бұдан бөлек, республиканың 10 өңірінде орман алқаптарына әуеден патрульдеу жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда елімізде 15 авиация бөлімшесі жұмыс істейді. Онда 2-ші және 3-ші класты 14 тікұшақ, 1-ші класты екі тікұшақ пен үш ұшақ жұмылдырылған. Бұл әуе техникасы өрт қаупі жоғары күндері орман қорын күніне үш рет патрульдеуді жүзеге асырады, – дейді ведомстводағылар.

Exit mobile version