Басты бет Жаңалықтар Алакөл туризмі қарқын алды: сан өсті, сапа сын көтере ме?

Алакөл туризмі қарқын алды: сан өсті, сапа сын көтере ме?

Фото: Жетісу облысының әкімдігі
Жетісу облысындағы Алакөл көлінің туристік әлеуеті жыл сайын артып келеді. Аудан әкімі Алмас Әбдинов негізгі жұмыстар қашан басталатынын айтты.

Кейінгі үш жылда өңірге 4 миллион 773 мыңнан астам турист келген. Демалыс орындарының саны да артты. Биылдың өзінде 17 жаңа туристік нысан іске қосылып, 2,4 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жаңа жобалар нәтижесінде 51 тұрақты жұмыс орны ашылған, — деді Алакөл ауданының әкімі.

Алмас Әбдинов әлеуметтік желіде тараған «Мысырда демалу отандық курортқа қарағанда арзан» деген пікірге қатысты ойын айтты.

Бұл – нарық. Біреу Мысырға барады, бұл – олардың таңдауы. Бізде де түрлі деңгейдегі демалыс орындары бар. Мысалы, үш мезгіл тамақпен күніне 17–20 мың теңге тұратын қолжетімді орындар жеткілікті. Сонымен қатар 100 мың теңгеден асатын VIP нөмірлер де бар. Жалпы баға 15 мыңнан 300 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл – сұраныс пен қызмет сапасына байланысты. Иә, қымбат қонақүйлер бар, бірақ олардың баға қоюына шектеу қоя алмаймыз. Мүмкін, ел бойынша баға саясатына қатысты нормативтерді қарастыру керек шығар, — деді аудан басшысы.

Үшарал әуежайы
Фото: Жазира Пірімқұл

Сонымен бірге туристер тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі — Үшарал әуежайы мен теміржол вокзалынан Ақши мен Көктұмаға дейінгі такси құнының өскені. Бұл мәселеге байланысты әкім былай деп жауап берді:

Такси мәселесі расында күрделі. Жүргізушілермен сөйлестім. Жол жақсы, бензин бағасы өспегенін айтам, бірақ олар нарық жағдайына сілтейді. Ресми тіркеуде жоқ такси жүргізушілері де бар – бұл бақылауды қиындатады. Дегенмен, біз мәселені назарда ұстап отырмыз. Қазір Ақшиден тұрақты автобус бағытын ашу үшін субсидия қарастырылды, конкурс өтіп жатыр, — деді Алмас Әбдинов.

Сонымен қатар кейбір қонақүйлер мен демалыс орындары өз қонақтарын жеткізуді өздері ұйымдастырып жатқанын айтты.

Фото: Жазира Пірімқұл

Жазғы маусымда SCAT әуе компаниясы аптасына жеті рейс орындаса, теміржол бағыттары 12 пойызға дейін ұлғайған.

Сонымен бірге Алматы, Астана, Павлодар және өңірлік қалалардан 15 автобус рейсі қатынап жатыр.

Алакөл курорттық аймағында инфрақұрылымды дамыту және қауіпсіздікті күшейту жұмыстары жалғасып жатыр. Ақши мен Көктұма ауылдарының бойындағы көл жағалауын бекіту үшін 13 шақырымнан астам дамба салу жобасы басталады.

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 19 миллиард теңге бөлінсе, оның 1,5 миллиарды қазірдің өзінде игерілу үстінде. Жұмыстар екі жыл ішінде аяқталады. Кейінгі кезеңде жағалауды абаттандыру мен рекреациялық аймақтарды дамыту жоспарланған. Алакөл – еліміздің туристік брендіне айналған, жыл сайын мыңдаған турист қабылдайтын аймақ. Біз инфрақұрылымды жетілдіру арқылы оның қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруды көздеп отырмыз. Бұл жоба — табиғатты сақтай отырып, туризмді тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадам, — деді Алмас Әбдинов.

Exit mobile version