Басты бет Жаңалықтар Солтүстік Қазақстанда су құбырын тартуға 45 миллиард теңге бөлінді

Солтүстік Қазақстанда су құбырын тартуға 45 миллиард теңге бөлінді

Фото: Рlumbingparamedics.ca
Солтүстік Қазақстан облысында су құбыры инфрақұрылымын дамытуға қайтарылған активтер есебінен 45 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Арнаулы мемлекеттік қордың қаржысы ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жұмсалады.

Бұл қаражат есебінен өңірдің сумен жабдықтау жүйесін жақсартуға бағытталған 48 жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын реконструкциялау, сондай-ақ Айыртау және Шал ақын аудандарындағы ауылдарда Көкшетау топтық су құбырына қосылатын жаңа су құбырлары мен су тарту тармақтарын салу жобалары бар, — деп жазылған хабарламада.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдарда барлық жұмыс аяқталғаннан кейін халық сапалы ауыз сумен 100% қамтамасыз етіледі.

Қазіргі таңда еліміздегі ең ұзын топтық су құбырлары Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады.

Осы құбырлар арқылы 175 мыңнан астам тұрғыны бар 229 ауыл ауыз сумен қамтылып отыр. Петропавл қаласының тұрғындары 100%, ал ауылдардағы халық 97,5% сумен жабдықтау қызметіне қол жеткізген.

Exit mobile version