Басты бет Жаңалықтар Алматыда Әуежай және Алтынкөл көлінің түбі тазартылады

Алматыда Әуежай және Алтынкөл көлінің түбі тазартылады

Фото: Алматы әкімдігі
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Түрксіб ауданынада экологиялық жағдайды жақсартуға және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобалардың жүзеге асыру барысымен танысты.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Шаһар басшысы Алтынкөл көліне барды. Мұнда жақында №18 және №19 тоғандарды механикалық тазалау жұмыстары басталады. Жұмыстар 26 мың шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Көлдің айналасы лайдан, қамыс және қоқыстан тазартылады. Бұл су қоймасының экологиялық жағдайын қалпына келтіруге және оның демалыс әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан соң қала басшысы Рысқұлов даңғылынан Әуежай көліне дейінгі аралықтағы Кіші Алматы өзенін қайта жаңарту жобасымен танысты. Жағалау аумағын кешенді абаттандыру, көпірлер салу, жағалауларды нығайту және өзен бойында заманауи саябақ аймағын құру жоспарланған. Дизайн биыл жыл соңына дейін аяқталады.

Жобалау кезінде жайлы қалалық ортаны табиғи тепе-теңдікпен үйлестіруге бағытталған заманауи қала құрылысы тәсілдері қолданылып жатыр. Аумақта биологиялық әртүрлілік жоғары, яғни көптеген құс, жәндік түрлері және өсімдіктер кездеседі. Жоба аясында оларды сақтау шаралары қарастырылған.

Бұдан өзге, Әуежай көлін механикалық тазарту және су деңгейі мен су алмасуды ретке келтіру үшін шандор құрылғыларын қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануы тиіс деген тапсырма берілді.

Сонымен қатар қала әкімі Нұршашқан шағынауданындағы аумақты аралады. Қала құрылысы құжаттамасына сәйкес, бұл аумақты көгалдандырылған демалыс аймағына айналдыру көзделген.

Жобаны жүзеге асыру 15 тұрғын үйге қатынайтын жолды қамтамасыз етіп, жақын маңдағы тұрғын үйлердің 7 мыңнан астам тұрғыны үшін жасыл аймақтарға қолжетімділікті арттырады.

Дархан Сатыбалды су айдындарын тазарту, жағалау аумақтарын абаттандыру, жаңа қоғамдық кеңістіктер құру жөніндегі жергілікті бастамалар бірыңғай экологиялық және қала құрылысы саясатының бөлігі ретінде іске асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Айтуынша, қала тұрғындарының игілігіне негізделген орнықты, жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға басымдық беріледі.

Exit mobile version