Мейрамбек Назарқожаев — Дания корольдік театрының балет әртісі. Театрда істеп жүргеніне сегіз жыл болды. Өзі Селезнева атындағы Алматы хореография училищесін бітірген. Ол кезінде бірге оқыған достарымен Nomad Ballet Project жобасы арқылы Алматыға корольдік театр әртістерін әкелді. Дания әртістері Almaty theatre сахнасында өнер көрсетті. Baribar.kz тілшісі әртістермен әңгімелесіп қайтты.
Басы бар бала
Мейрамбек Алматы облысы, Іле ауданы, Қараой ауылында туып-өскен. Әкесі — шопыр, анасы — фармацевт. Бір күні Алматы хореография училищесінде қазақ тілінен сабақ беретін туысы Мейрамбектің бишіге керек түр-тұлғасын байқап, училищеге оқуға түсіріңдер деп кеңес берген.

Мейрамбек училищеге қабылдау емтиханынан әрең дегенде өткен. Өйткені ауылда жұдырықтасып, футбол ойнап жүрген бала емтихан сахнасында бірден билей алған жоқ. Дегенмен сабақты жақсы оқитыны үшін «басы бар бала» деп оқуға қабылдаған. Училищеде оқып жүріп, балеттен түрлі республикалық, халықаралық байқауларды жеңіп келген. Бірінші президент қорының лауреаты болған.
Оқушы кездегі мақсатым шетелге барып әлемге әйгілі хореографтармен, балетмейстармен жұмыс істеу еді. Сосын елге оралып, жиған тәжірибемді Қазақстандағы жастарға үйретсем дейтінмін. Курстастары елдегі театрларға жұмысқа тұрып жатқанда мен шетелге кеттім. Әуелі Мәскеуге бардым, одан соң Германияда екі жыл жұмыс істедім. Енді Дания корольдік театрында істеп жатқаныма сегіз жыл болды, — дейді Мейрамбек Назарқожаев.
Әртіс бұл театрға кіремін деп ойламаған. Өйткені бұл өнер ордасына жұмысқа тұру өте қиын. Мыңдаған адам CV жібергенімен, билегенін көруге шақыру алатындар некен-саяқ. Қазір Мейрамбек — Дания корольдік театрында өмір бойы істеуге рұқсаты бар санаулы әртістің бірі.
Өмір бойы жұмыс істеуге келісімшартқа отыру дегеніміз — театр басшылығы қанша рет ауысса да, сізді жұмыстан шығара алмайды деген сөз. Ал мұндай келісімшарты бар адам өз еркімен жұмыстан кете алады. Болмашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Әзірше осындай жобалармен келіп жатырмын. Кейін елге ораламын, — дейді әртіс.
Театрдағы әртістер әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған
Дания корольдік театрындағы әртістер әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған. Алматыда өнер көрсеткендердің ішінде театрға Канада, Жапония, Италия, Оңтүстік Корея сияқты елдерден барған балет әртістері болды. Олардың ана тілі әртүрлі болғанымен, театрда бәрі ағылшынша сөйлейді. Ал әртүрлі елдің азаматтары бірге қалай жұмыс істейді?
Әркімнің өте мықты тұсы бар. Әрқайсымыз сол мықты тұсымызға мән беріп, соны ерекшелей отырып, билейміз. Сол арқылы биімізді жаңартып, көркемдей түсеміз. Бәріміз Бурнонвил стилінде билейміз, — дейді әртістер.
Олар биден басқа ештеңемен айналыспайды. Өйткені таң атысы, күн батысы би билеп, соған сай жаттығу жасайды.
Біздің бір күнгі графигіміз өте тығыз. Бос уақытымыз жоқ. Бидің түрлі әдісін үйреніп, түрлі трениңге қатысымыз. Биді спорт түрі деп білеміз, — дейді олар.
Бурнонвил деген қандай әдіс?
Бурнонвил — дат хореографы Август Бурнонвил ойлап тапқан 100 жылдық тарихы бар классикалық балет әдісінің түрі. Бұл әдістің ерекшелігі билегенде ым мен бет қимылы көптеп қолданатынында. Дания Астанасы Копенхегенде бір жанұядан екіншісіне беріліп отырған.
Алматы хореография училищесінің оқытушылары және 14-18 жастағы оқушылары екі күн бойы әлем бойынша Бурнонвил техникасының жетекші маманы Дина Берннің шеберлік сабағына қатысты. Дина Берн бурнонвил әдісін ұстазы Хәндс Бренодан, ал ол өзінің ұстазы Хәндс Бектен үйренген. Ал Хәндс Бек әдісті Август Бурнонвилдің өзінен үйреніпті.
Дина Берн Алматы хореография училищесі туралы пікір де айтты.
Мектептің негізі өте жақсы. Балет әртісі болатын баланың базасы аса мықты болуы керек. Кешегі шеберлік сағаты екі-ақ күн болды. Бұл мерзім тым қысқа. Біз тағы да келіп, бурнонвил әдісін үйрете аламыз. Студенттердің икемі керемет екен. Ең қатты ұнағаны, олар бір қадамды әртүрлі баса алады, — дейді Дина Берн.
Алматыдағы гала-балетте де бурнонвил әдісі қолданылған билер қойылды. Бір айта кетерлігі, бағдарламаға әлемге танымал «Жизель» қойылымы қосылған.
Дания әртістеріне Алматының несі ұнады?
Корольдік театрдың Орталық Азиядағы алғашқы гастрольдік сапары Қазақстаннан басталып отыр. Әртістер театрға Мейрамбек барғанша Қазақстан туралы ештеңе білмеген. Олар гала-балет қояр алдында Алматының іргесіндегі Шарын шатқалын, Көлсей мен Қайыңды көлдерін аралаған.
Мейрамбек демалысқа кеткенде парақшасына ылғи тауларды салып отырады. «Бұл қай жер?» деп сұраймыз. Мейрамбек «Қазақстан» деп айтады. Қараңыздаршы, қазір мекеменің ішінде отырып-ақ әсем тауларды көріп отырмыз. Ал Копенхегенде тау жоқ, қала жазықта орналасқан. Алматының табиғатына тамсанып жүрміз, — дейді әртістер.
Әртістер қазақ тағамдарын ұнатқанын және қазақ халқы жүзі жарқын, ашық, кеңпейіл екенін айтты.