Қытай халық республикасына жұмыс сапары аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қытайлық бизнес өкілдерімен бірнеше рет кездесіп, ынтымақтастық туралы екіжақты бес меморандумға қол қойды.
Құжаттарға қол қою рәсімі Қытайдың жетекші компаниялары басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Қытай халық республикасындағы елшілігінде өтті.
Бұл шара президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өңірлердің өнеркәсіп әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жүзеге асып жатыр.
ҚХР астанасында медицина, өнеркәсіп, энергетика, құрылыс және газ-химия салаларын қамтитын бес меморандумға қол қойылды. Олар:
- Cheng Tian Run Kang Medical Limited компаниясымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум – медициналық инфрақұрылымды дамытуға және денсаулық сақтау саласында технологияларды бейімдеуге бағытталған;
- Yino халықаралық компаниясымен (Гонкоң) меморандум – өнеркәсіп секторында және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздейді;
- Vega Power компаниясымен меморандум – энергетикалық серіктестік және баламалы энергия көздерін енгізу мәселесін қамтиды;
- Sunway Concept Limited-пен өзара түсіністік туралы меморандум тұрғын үй құрылысын дамытуға және қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған;
- Foshan City Construction Engineering Co., Ltd. және «Zhaik Petroleum LTD» компанияларымен үшжақты меморандум – БҚО аумағында метанол өндіретін зауыт салу туралы;
- Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі, CHN Energy International Development Co., Limited және «Батыс Пауэр» ЖШС арасындағы ГТЭС-200 «Орал» станциясын кеңейту жобасын іске асыру бойынша жол картасы.
Президенттің қолдауы, үкіметтің жүйелі жұмысы және өңірдің ашықтығы бізге жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашып, инвестициялық жобаларды сенімді ілгерілетуге мүмкіндік береді. Қол қойылған меморандумдар – өзара іс-қимылдың нақты нәтижесі, — деді Нариман Төреғалиев.
Әр бағыт бойынша салалық ведомстволар мен инвесторлар қатысқан жеке іс-қимыл жоспары әзірленеді.
Кездесу Қазақстан Республикасының Қытай халық республикасындағы елшілік қолдауымен ұйымдастырылды.