Алматыда денсаулық сақтау мәселесі бойынша қоғамдық пікірді зерттейтін халықаралық STADA Health Report есебінің нәтижесі ұсынылды. Зерттеуге Қазақстан осымен төртінші рет қатысып отыр. Сауалнамаға қатысқан 18 бен 99 жас арасындағы 1000-2000 адам сауалнамадағы 30-дан астам сұраққа жауап берген.
Қазақстан халқының 64%-ы денсаулық сақтау саласына көңілі толмайтынын айтқан. Азаматтар жүйеге күмәнмен қарағанымен, медицина қызметкерлеріне көбірек сенеді.
Халық ең әуелі ғалымдарға сенетінін айтқан. Зерттеуге қатысқандардың жартысы (51%) ғалымдарға, 47%-ы жалпы тәжірибе дәрігеріне, 43%-ы фармацевтерге сенетінін білдірген.
Азаматтар дәрігерлерге ғана емес, іздеу жүйесі беретін ақпараттарға да сенеді. Көрсеткіш — қатысқандардың 33%-ы. Ал денсаулық сақтау саласындағы блогерлерге сенетіндер біршама аз — 10%. Ал денсаулығында кінәрат болса, ЖИ-дан ақыл кеңес сұрайтындардың үлесі — қатысушылардың 44%-ы.
Зерттеуге қатысқандардың 10%-ы ғана профилактикадан толық өтеді. Көрсеткіштің мұнша аз болғанының бас себебі — халық денсаулығын алдын ала қарату мәнін түсінбегеннен. Өзге де себептері мынадай: денсаулығым жақсы дейді, қандай тексеруден өту керек екенін білмейді, қолданыстағы тексерулерд білмейді, профилактика қымбат деп ойлайды және алдын ала қаралуға уақыты жоқ.
«Казахстан+» кластері жетекшісі Наталья Гарипованың айтуынша, халық профилактика дегенде ең бірінші қол жууды айтады.

Витамин мен ББҚ (биологиялық беленді қоспалар) да профилактикаға жатады. Бұл да жақсы. Дәрігерге қаралып, профилактикадан өту көрсеткіші төмен. Дегенмен елімізде дұрыс тамақтанатындар мен салауатты өмір салтын ұстанатындар саны артып келеді, — дейді ол.
Сауалнамаға қатысқандардың бәрі дерлік салауатты өмір салтын сақтауға ұмтылады. Алайда, шын мәнінде, азаматтардың 45%-ы ғана дұрыс тамақтанып, спортпен айналысады.
Денсаулық дегенде жансаулықты да ұмытпау керек. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі психикалық күйім жақсы деп біледі. Жалпы, жансаулықты жақсарту үшін жұмыс кестесі икемді болғанын қалайды. Дегенмен бәрінің бірдей икемді графикпен істейтін мүмкіндігі жоқ.