Павлодардағы №121 бөбекжайда болған даулы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ата-аналар музыка пәні мұғалімінің балаларға дөрекі қарым-қатынасын айыптап, оны сабақтан шеттетуді талап етті.
Бұл туралы Pavlodarnews.kz хабарлап отыр.
4 сәуір күні «Капитандар» тобының ата-аналары балабақша әкімшілігіне музыка жетекшісінің балалармен дөрекі сөйлеп, қатігездік танытқаны туралы ресми өтініш жолдаған.
Маусым айында сол жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желіде таралып, қоғамдық наразылық туғызды.
Балабақша әкімшілігі ата-аналар мен музыка жетекшісінің қатысуымен бейнебақылау жазбаларын қарап, 3 сәуірдегі сабаққа талдау жасаған.
Сабақтың әдістемелік тұрғыдан қателіктерге толы болғаны анықталды. Мұғалім балаларға дауыс көтеріп, оларды дөрекілікпен орындыққа отырғызған, – деп хабарлады Павлодар қалалық білім бөлімі.
11 сәуірде педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтіп, оның нәтижесінде музыка жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, сөгіс алды.