Басты бет Жаңалықтар Олжас Бектенов табиғатты ластайтын адамдарды қатаң жазалауды тапсырды

Олжас Бектенов табиғатты ластайтын адамдарды қатаң жазалауды тапсырды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Премьер-министр Олжас Бектенов экология және ішкі істер министрліктеріне қоршаған ортаны ластайтын адамдарды қатаң жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Жаз айларында көптеген адам табиғат аясына демалуға шығып, артынан қоқыс қалдырып кетеді. Халықтың тазалық мәдениетін қалыптастыру, арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?, — деп сұрады Бектенов экология және табиғи ресурстар министрінен.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру үшін ұлттық парктер табиғат қорғау акцияларын өткізіп жүр. Биыл студенттер мен оқушылар, өңір халқы – барлығы 45 мың адам акцияларға қатысып, 1 200 тоннадай қоқыс жинаған. Әрбір паркте тазалық сақтауға арналған санитарлық қызмет құрылған.

Одан бөлек, біз өткен жылдан бастап «Таза туризм» атты жобаны іске асыруды бастадық. Бұл жоба аясында былтыр Көлсай көлдері мен Шарын паркіне контейнерлер мен урналар, фандоматтар мен инфобаннерлер орнатылды. Биыл тағы жеті паркте осы жұмысты жалғастырамыз. Оның ішінде Қарқаралы, Бурабай, Баянауыл, Сайрам-Өгем, Іле Алатау, Көкшетау парктерінде осы айдың аяңына дейін жұмыстар толығымен аяқталады. Сонымен біз тоғыз паркке қоқысты бөлек жинайтын контейнерлер орнатып, жауапты қызметкерлер туристерге қоқысты сұрыптаудың маңызы жөнінде мағлұмат беріп отыр, — деді министр.

Сонымен қатар оның айтуынша, өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Мысалы, биыл 42 заңбұзушылық анықталып, олар бойынша 2 миллион теңге айыппұл салынған.

Олжас Бектенов осы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Экология және ішкі істер министрліктері қоршаған ортаны ластаған адамдарды жауапкершілікке тартуға тиіс. Оларға қатысты қатаң шараларды қолдана отырып, кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет, — деді премьер.

Exit mobile version