Басты бет Push Вице-премьер: кәсіпорындар 2026 жылы енетін жаңа Салық кодексі үшін бағаны қазірден көтеріп...

Вице-премьер: кәсіпорындар 2026 жылы енетін жаңа Салық кодексі үшін бағаны қазірден көтеріп тастады

Фото: Dalanews.kz
Сенат жаңа Салық кодексі жобасын қарап шығып, оны мәжіліске қайтарды. Сенаторлар кодексті қолдағанымен, кейбір бапты түзетуді ұсынған. Ал вице-премьер Серік Жұманғарин кулуарда қосымша құн салығы (ҚҚС) 2026 жылғы 1 қаңтарда артатын болса да, кәсіпорындар бағаны қазірден көтеріп тастағанын айтты.

Сенат жаңа Салық кодексінде түзеу керек баптардың кейбірі мынадай:

  • Төлем картасымен жасалатын операциялар үшін қосылған құн салығынан босату.
  • Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бағалы қағаз айналысына байланысты азаматтардың табысы бойынша дивидендтер бойынша жеке табыс салығынан босату.
  • Азаматтық-құқықтық шарт бойынша табыстан ұсталатын әлеуметтік аударым бойынша жеке тұлға үшін салық шегерімін қарастыру ұсынылды.
  • Шаруа қожалықтары жеке кәсіпкерлермен бірдей, бірақ экономикалық қызметтің басқа түрімен айналысатын кәсіпкерлер екенін ескере отырып, кірісі 230 000 АЕК-ден асатын шаруа қожалықтарының жеке табыс салығына 15 пайыздық мөлшерлеме бойынша салық салуды көздеу ұсынылды. Қолданыстағы 70 пайыздық жеңілдікті ескере отырып, шаруа қожалықтары үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 4,5 пайыз болады.
  • Сән-салтанат заттарына (автомобиль, кеме, ұшақ) акциз тек импорт кезінде ғана емес, ел ішінде сатылғанда да алынады. Әрине, бұл үшін олардың құны шекті мөлшерден асуы қажет. Автомобиль бағасы 75 млн теңгеден, теңіз және әуе кемесі 100 млн теңгеден асса ғана.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин келер жылы ҚҚС ставкасының 12%-тен 16%-ке көтерілуі инфляцияға қазір әсер етіп отырғанын айтты.

Біз инфляцияны екі-үш проценттік тармаққа жоспарлап отырмыз, алайда өзгеріс 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетініне қарамастан, көптеген кәсіпорын бағаны көтеріп үлгерді. Оны ешкім жасырмайды, — деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан алған ақпарат бойынша, көптеген кәсіпорын ҚҚС өсетінін болжап, бағаны қазірден көтеріп тастаған.

Азық-түлік 9,6%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9 %, қызметтер 16% қымбаттаған, — деді Серік Жұманғарин.

Ол инфляция биылдан бастап болатынын, инфляция басталып кеткенін айтты.

Exit mobile version