Басты бет Психология Қазақ отбасында ерлерді қалай тәрбиелейді? Психологпен әңгіме

Қазақ отбасында ерлерді қалай тәрбиелейді? Психологпен әңгіме

Бақытжан Құдияров. Фото: Нұрназар Әмзе
Маусым — ерлердің жан саулығын ақпараттандыру айы. Осыған орай, Baribar.kz тілшісі психотерапевт, Қазақстан психоанализ ассоциациясының мүшесі Бақытжан Құдияровпен «Қазақ отбасында ер баланы қалай тәрбиелейді?» «Жігіттердің комплексі қандай?» «Эмоциялық интеллектіні қалай арттыруға болады?» деген тақырыпта сұхбаттасты.

«Еліміздегі жігіттердің проблемасы — бірнәрсеге тәуелді болу»

Бақытжан Құдияров психоанализ бағытын оқып, жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдай уақыт болған. Ал практик-психолог ретінде төрт жылдан бері жеке клиент қабылдап келеді. Әдетте, қоғамда ер адамдар психологқа бармайды деген түсінік бар. Ал Бақытжан мырзадан терапия алып жүргендердің 60%-ы — ер адам. Олардың орташа жасы — 30-40 жас.

Маған келетін жігіттердің сұранысы — өзін іздеу, табу. Олар ішінде не болып жатқанын, яғни сезімін түсінбейді. Кейде тіпті сезімнің атауын білмейді. Ал психоанализ форумдарында еліміздегі жігіттердің проблемасы бірнәрсеге тәуелді болу екенін естіп жатамын. Бұл ішкілікке салыну, құмар ойын ойнау, есірткі шегу және тағы басқа. Одан кейін психосоматикалық ауруларды айтар едім, — дейді Бақытжан мырза.

Сезімді сезінудің өзі, оны бөлісудің өзі оңай емес. Сондықтан кейде ер адам ұрыс-керіс кезінде тұрып кетіп қалуы мүмкін. Алайда адамның психикасы сезімнің бар екенін түсінеді де, іштей бір мазасыздық басылмай қояды. Адам оны басу үшін агрессия көрсетеді, тұйықталады да, психоматикалық ауру пайда болады немесе бірнәрсеге тәуелді болады. Бір айта кетерлігі, агрессия көрсеткен адамды «себебі осы екен» деп ақтап алуға болмайды. Әркім ашуына жауап беруге тиіс.

Бақытжан Құдияров, психолог
Бақытжан Құдияров. Фото: Нұрназар Әмзе

Кейінгі бір жылда Бақытжан мырзаның қабылдауына келетін ер адам қатары артыпты. Оның себебі қоғамда, ақпарат кеңістігінде адамның ішкі дүниесі туралы маман мен мәлімет көбейгеннен. Төрт жыл бұрын клиент қабылдай бастағанда бір ғана жігіт болған, ол клиент әлі күнге дейін терапия алып жүр.

Қазақ қоғамында отбасында ұлды қалай тәрбиелейді?

Меніңше, отбасында ұл қарама-қайшылықта өседі. Бір жағынан, ана мен әженің мейрімін, жұмсақтығын көреді. Екінші жағынан, сол ана мен әжеміз ұлға «мықты азамат бол, кейін бізді асырайсың» деп айтып, мойнына міндет іліп қояды. Алайда қалай мықты азамат болатынын үйретпейді. Ондайда жетістікке жеткен, табысты әкесі, ағасы не көкесіне  ұқсап өс дейді. Сөйтіп, ұл бала ұқса деген адамына өзін сырттай сәйкестендіріп өсуі мүмкін. Ал ішіндегі сұрақтың бәрін ығыстырып тастайды. Кейін сұрақ қоймайтын, жыламайтын, үндемейтін жігіт болады, — дейді психотерапевт.

Бір айта кетерлігі, маман ұлға «азамат бол» деген сияқты міндетті жаман демейді. Мұны әке-шеше де, ата-әже де бір жақсы үмітпен айтады. Дегенмен осы сияқты міндеттердің зиянын да жоққа шығармайды.

Оның айтуынша, қазіргі ересек жігіттердің әкесінің рөлі мынадай болған: әке — алыстағы тұлға. Азаннан кешке дейін жұмыста жүреді, ұлымен сөйлесуге уақыты жоқ немесе әке деген тым қатал болып, баламен эмоциялық байланысы аз болады.

Сөйтіп әке ұлына ер азамат, еркек қандай болатынын түсіндірмейді. Мүмкін өзі де білмейтін болар. Бұл айтып отырған әке образы қазіргі 30-40 жасында әке болып отырғандардың өзі де болуы мүмкін. Бір ұл клиентімнің әке шешесі менен жас. Үйден алған тәрбиесі біз көрген тәрбиеден алшақ деп ойламаймын, — дейді Бақытжан мырза.

Бақытжан Құдияров. Фото: Нұрназар Әмзе

Отбасында ұлмен не туралы сөйлеседі?

Отбасында ұлмен көбіне талап, заң, мәдениет, дәстүр туралы әңгімелеседі. Өмірлік тәжірибесін айтып береді. Ата-ана бейсаналы түрде өзіндегі жаманды балаға өткізбеуді қалайды. Бұл «жақсы бол, оқы, мықты бол» деген сияқты моральға айналып кетеді, — дейді маман.

Психолог отбасында ұлдарға жалған бір миссияны үйреткісі келетін сияқты дейді. Сол жалғандық адамның ішіндегі сезімді, қалауды айтуға мүмкіндік бермейді. Ұлдан «Не қалайсың? Не ойлайсың?» деп ешкім сұрамайды.

Әдетте, әке-шеше балаға үйретуші: «өйтіп істе, былай істе» деп үйретеді. Қамқор екенін де осы үйретуші функциясымен көрсетеді. Алайда бұл көмектеспейді. Ер азамат бала күнінде сезімін, ойын айтатын еркіндік алмаған соң, кейін ешкім тікелей айтпаған міндеттерге тап болатын сияқты, — дейді ол.

Дегенмен маман кейінгі буын қыз демей, ұл демей эмоциялық интеллектісі алдыңғы буындармен салыстырғанда жоғары екенін айтады. Бұған үйдегі тәрбиемен қоса, елдің саяси-экономикалық күйі де ықпал етеді.

Қоғамдағы ер адамдардың комплексі қандай?

Маман қазақ қоғамындағы ер адамның үш комплексін айтып берді. Бұлар:

  • Өзін Құдайдай көру. Істегенімнің, айтқанымның бәрі дұрыс деген осыдан шығады. Бұл — негізі бала позициясы. Туғалы «айым, күнім, ақ Құдай» дегенді естіп өскен бала бір күні бала-бақшаға барады. Сонда оның санасы дүр сілкінеді. Өйткені бұл өзін Құдаймын деп ойлап жүрсе, бала-бақшада ондай Құдай көп екен ғой. Сол кезде бала бұл сезімді түсінбегенімен, оның біз «болмайтын нәрсе» санайтын әңгімесін тыңдау керек. Сәбидің деңгейіне түсіп, сөйлесу керек.

Бұл комплекс негізі «дұрыс, бұрыс» дегенді үйретпегеннен болады. Бала мектепке барғанда оның ендігі санасы болады, айтқан сөзді ұғады. «Мынау дұрыс, анау бұрыс, мынаны істеуге болады, ананы істеуге болмайды» деп түсіндіру керек. Осы кезде балаға мән бермесе, білгенін істеп кетуі мүмкін.

  • Ұят. Жігіттер жаман болғаннан қорқады. Оның ішінде әлсіз көріну, әлсіздік таныту да бар. Содан қатты ұялу шығады. Психотерапевт алдына келген клиентке әлсіз болуға, «құлауға», жылауға, ұялуға мүмкіндік береді.
  • Білмей қалу. Бұл — жоғарыда айтқан бірінші комплекстің бұтағы. Ер адам бәрін біліп тұруым керек деп ойлайды. Психотерапевт кабинетіне кірген адамға бәрін білмеуге «рұқсат бар».

Эмоциялық интеллектіні қалай көтеруге болады?

Бақытжан мырзаға бір күні БИЛ-де (бұрынғы ҚТЛ) оқыған жігіт консультацияға келген. БИЛ-де тек ұлдар оқитынын еске салып қояйық. Психологтың айтуынша, жігіттің логикалық интеллектісі мықты болғанымен, эмоциялық интеллектісі төмен болып шыққан.

Оның рационалдығы, білімі мықты екені — психикасының қорғаны. Оны «шымши» бердім. Ол формалды түрде жауап береді. Ал сезіміне қатысты сұрақ қойсам, беретін жауабы «жаман, жақсы, норм». Жігітпен терапия жалғастыру үшін оның эмоциялық интеллектісін көтеру керек болды. Бұл үшін алты апталық курс ұйымдастырдым. Қазір соған қатысып жүр. Эмоциялық интеллект деген де — білім, — дейді психотерапевт.

Бақытжан Құдияров. Фото: Нұрназар Әмзе

Бақытжан мырза ересек адамға эмоциялық интеллектісін көтеруге мынадай кеңес берді:

  • Психологтың терапиясын жеке алуға немесе топтық терапияға қатысуға болады.
  • Адамдармен жиі сөйлесу көмектеседі.
  • Психологиялық подкаст тыңдауға, осы тақырыпқа қатысты материал оқуға болады.

***

Red flag. Қарым-қатынаста неден сақтану қажет?

Exit mobile version