Басты бет Жаңалықтар «Астана-Бурабай курорты» бағытында жаңа электр пойызы жүреді

«Астана-Бурабай курорты» бағытында жаңа электр пойызы жүреді

Фото: Мgorod.kz
Шілде айының басында «Астана-Бурабай курорты» бағдарына жаңа электр пойызы шығады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші, екінші және үшінші класты жаңа электр пойызын пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Құрам Астана-Бурабай курорты бағдары бойынша жүретін болады, — делінген хабарламада.

Пойыз алты вагоннан тұрады және 374 орынға арналған. Ол барлық қажет техникалық тексерулерден өтті. Қазіргі уақытта Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес құжаттаманы ресімдеу аяқталып жатыр.

Пойыз дизайнында қол жетімдік пен инклюзивтік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Әр класта биодәретханалар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған бейінделген кабиналар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін платформалық көтергіштер қарастырылған. Егде жастағы жолаушылар мен балалы отбасылар үшін ыңғайлы жағдай жасалған. Пойыздағы әрбір орын мобайл құрылғыларды зарядтауға арналған USB қолданбасымен жабдықталған, — дейді ҚТЖ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар құрамда салқын сусындар мен жеңіл тағамдар қарастырылған.

Exit mobile version