Павлодар облысында қатты дауыл тұрып, 16 адам зардап шекті, бір адам қаза болды. Бұл туралы өңір әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауыл соқты. Дауыл инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, электр қуаты өшіп қалған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметі бойынша, дауылдан 16 адам зардап шеккен, оның ішінде үш бала бар. Ақсу қаласында 1968 жылы туған тұрғын қайтыс болды, — делінген хабарламада.
Тұрғын таксиде келе жатқанда көше бойындағы ағаш сынып, адамның көкірегін тіліп жіберген.
Облыс орталығында 47 нысанның, оның ішінде алты әлеуметтік мекеменің шатырына зақым келді. Ақсу мен Екібастұз қалаларында 23 нысан, Баянауыл ауданында жеті нысанға зақым келген, Май және Павлодар аудандарында ғимараттар зақымданған.
Облыс қалалары мен аудандарының электрмен жабдықтау желісінде ақау байқалады. Қазір Ақсу қаласында және Баянауыл ауданында электр жоқ. Апат салдары жойылып жатыр. Байланыс және электр желісінің 16 бағанасы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмысқа 300-ден астам адам және 103 техника жұмылдырылған, — делінген хабарламада.
Барлық шұғыл әрекет ету қызметі күшейген режимде жұмыс істеп жатыр.
