«Жолаушылар тасымалы» АҚ жазғы кезеңде жоғары сұранысқа ие туристік бағыттарда 12 қосымша маршрутты іске қосты. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Астана, Алматы, Қызылорда, Павлодар, Семей және Өскемен қалаларынан пойыздарды қоса алғанда, Алакөл бағытында барлығы 13 маршрут ұйымдастырылды. Оның ішінде 11 бағыт бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздары, екі бағыт бойынша — жеке тасымалдаушылар құрамы жүреді. Ұлттық тасымалдаушы ұйымдастырған тоғыз маршрут жазғы кезеңге арнайы іске қосылды. Осы бағыттарға тартылған ұлттық тасымалдаушы пойыздары ауа баптау жүйесімен толық жабдықталған, — делінген хабарламада.
Былтырғы қорытынды бойынша Алакөл бағытына және кері қарай теміржол көлігімен 236 мың жолаушы тасымалданды. Биыл 240 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсету жоспарланып жатыр. 2022 жылдан бастап осы бағыттағы жолаушылар ағынының көлемі 90% ұлғайды, бұл елдегі ең танымал курорттардың бірінде демалуға тұрақты жоғары сұранысты көрсетеді.
Алакөлден басқа, Бурабай курорттық аймағы жолаушылар арасында дәстүрлі түрде танымал. Жазда негізгі ағынды Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары қамтамасыз етеді. Осы мегаполистер арасында жүретін пойыздар жүктеме мен сұраныстың жоғары деңгейін көрсетіп отыр, — делінген хабарламада.