«Мен – Қазақстанның патриотымын. Көбі қай елде тұрған жақсырақ екенін сұрайды. Мен ылғи Қазақстанға жетері жоқ екенін айтамын». Бұл – мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің 18 жасында айтқаны. Бүгін, 13 маусым – спортшының туған күні. Көзі тірі болса, 32 жасқа толар еді. Оқырманға спортшының қысқа да, жарқын өмірінен тест ұсынамыз.
Спортшы кімдердің шығармасын сүйіп оқыған?
Денис Тен өмірінің соңғы үш-төрт жылында бірнеше әңгіме жазған. Ол Пелевин, Ошо және Харуки Мураками шығармаларын сүйіп оқыған еді.
Денис Теннен журналист «Мәнерлеп сырғанау хоббиің бе?» деп сұрағанда, ол «Мен чемпион болғым келеді» деп жауап берген еді. Мұны айтқанда спортшы қанша жаста болған?
Денис Тен мәнерлеп сырғанаумен 1999 жылдан бастап шындап айналыса бастаған. Сегіз жасында одан бір журналист былай сұрапты: «Мәнерлеп сырғанауға не үшін қатысып жүрсің? Бұл сенің хоббиің бе?» Сонда бала Денис былай жауап берген: «Мен чемпион болғым келеді!»
Денис Теннің арғы атасы Мин Гын Хо – Кореяның тәуелсіздігі үшін құрбан болған ұлы 12 күрескердің бірі. Ол кім болған?
Мин Гын Хо Корей империясы кезінде әйгілі генерал болған. 1907 жылы Жапония Кореяға қатты қысым жасап, отарлауға көшкен. Мин Гын Хо әскерді таратуды ұйғарған императордың бұйрығына бағынбай, басқа офицерлермен бірге жапон басқыншыларына қарсы наразылықты басқарған. Оның әскері 1908 жылы тас-талқан болып жеңілген. Жапондар оны жау көрсе де, оның білімді, әділ әрі шыншыл қолбасшы болғанын мойындап, корей халқының дәстүрімен жерлеген деседі. Тіпті, қабіріне «Кореяның патриоты, қолбасшы Мин» деп жазыпты.
Денис Тен Қысқы Олимпиададан қолда жүлде алды. Бұл қай Олимпиада еді?
2014 жылы өткен Сочи Олимпиадасында қазақ жанкүйерлері жүлдеден үміт үзе бастады. Себебі қазақ елінен барған өзге спортшыларға жүлде бұйырмады, ал Денис Тен қысқа бағдарламада бір мәрте құлап, небәрі 9-орынға жайғасты. Алайда екі бағдарламаның нәтижесінде спортшы 3-орын алды. Денис бұл жеңісі туралы былай деген еді: «Спорт – өте қатал алаң. Спортпен 100 мың адам айналысады делік. Дегенмен Олимпиада тұғырында тек үш орын бар. Маған сол орынның біреуінде тұру бақыты бұйырды».
Денис Тен кім? Дұрыс нұсқаны таңдаңыз.
Денис Тен – Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада медалін алған алғашқы Қазақстан азаматы, Қазақстан чемпионатын бес мәрте жеңген спортшы, 2013 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол 2018 жылы аяғын жарақаттап алып, Пхенчхан Олимпиадасының екінші кезеңіне өте алмаған еді.
Денис Тен 10 жасында Ресейдің «Хрустальный конёк» деген турниріне қатысқанда қаршадай бала туралы былай деген кім: «Ол Мәскеуді бағындырамын деп келген жоқ. Ол Отанын қатты жақсы көрді. Бәрі Қазақстанды білсе екен, Алматыны таныса екен деді. Кіп-кішкентай баланың осындай ірі әңгімесін естіп, таңғалып едім».
Денис Тен 2013 жылы «Хрустальный конёк» деген турнирге қатысқан. Қаршадай бала Ресейдің мықты жаттықтырушысы Елена Буянованың көзіне түседі. «Тізімнен Қазақстанды көрдім. Бұл ел мына турнирге алғаш рет қатысып жатыр. Сосын мұзға шыққан қаршадай балаға қарадым. Ол ә дегеннен жүрегімізді жаулап алды. Өзі тым эмоционал екен, бір орында байыз таппай зорға тұрды. Ол Мәскеуді бағындырам деп келген жоқ еді. Ол Отанын қатты жақсы көрді. Бәрі Қазақстанды білсе екен, Алматыны таныса екен деді. Кіп-кішкентай баланың осындай ірі әңгімесін естіп, таңғалып едім». Кейін Елена Буянова Денис Теннің жаттықтырушысы болған.
Мәнерлеп сырғанаушы 2013 жылдан бастап Қазақстандағы тұңғыш мұзды шоу ұйымдастырды. Ол балалар мәнерлеп сырғанауға қызықса, қазақ халқы да әлем «жұлдыздарының» өнерін тамашаласа деді. Шоу қалай аталды?
Шоу «Денис Тен және оның достары» деп аталды. 2014 жылы Денис Теннің шоуы үшін Қазақстанға Жапониядан 500 турист келді. Шоудан жиналған ақша нейролейкоз дертіне шалдыққан 6 жасар Нұрсат Жақыпбайдың еміне берілді.
Денис Тен өте талантты еді. Ол қаза боларынан бұрын фильмге сценарий жазған. Оның сценариі бойынша түсірілген фильм 2022 жылғы 28 шілдеде прокатқа шықты. Оны Оңтүстік Кореяда да көрсеткен. Фильм қалай аталады?
Денис Тен 2018 жылдың көктемінде сценарий жазып, Тимур Бекмамбетов және Bazelevs компаниясы ұйымдастырған Screenlife Projects сценарилер байқауына жұмысын ұсынған еді. Байқау қорытындысы спортшы қаза болған соң жарияланды. Денис жазған сценарий байқауды жеңіп шыққан. Фильмнің атауы - «Соқыр махаббат». Режиссеры - Чак Че.
Денис Тен әлемде санаулы жігіт қана жасай алатын әдісті меңгерген. Бұл мәнерлеп сырғанау спортындағы қандай әдіс?
Денистің шеберлігі қайталанбас жылдамдығы мен ерекше пластикасында еді. Ол бильман әдісімен айнала білетін санаулы жігіттердің бірі болды – мәнерлеп сырғанаушы бір аяқпен тұрып, екінші аяғын артқа қарай басына дейін көтеріп, қос қолымен конькиден ұстап тұрып айналады.
Денис Тен 2018 жылғы 19 шілдеде Алматыдағы Құрманғазы және Байсейітова көшелерінің қиылысында қаза болды. Спортшыны өлтіргендер кім?
Денис Тен автоұрылардың қолынан қаза болды. Ол көлігінің айнасын ұрлап бара жатқан екі ұрының үстінен түскен. Айнаны қайтарып алмақшы болғанда ұрылардың бірі спортшының оң жақ санының жоғарғы тұсынан пышақ салған. Спортшы Достық елді мекеніндегі зиратқа жерленді. Қылмыскерлер Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов әрқайсы 18 жыл, ал Жанар Толыбаева төрт жыл бас бостандығынан айырылды.
Әлеуметтік желіде бөлісу: