Басты бет Жаңалықтар Келесі Alternativa Film Festival 2026 жылы Колумбияда өтеді

Келесі Alternativa Film Festival 2026 жылы Колумбияда өтеді

Фото: Alternativa
Alternativa келесі Alternativa Film Festival 2026 жылдың екінші тоқсанында Колумбияда өтетінін жариялады.

Фокус аймақтан бұл жолы Латын Америкасынан шыққан толық метрлі фильмге арналған жаңа марапат  қосылып, фестиваль марапаттарының саны жетеуге жетті, ал жалпы сыйлық қоры 120 000 доллар болады.

Alternativa Film Festival 2026 фестиваліне қатысамын деген фильм авторларының өтінімдері 2025 жылғы 10 маусымнан 10 қазанға дейін қабылданады. Байқау бағдарламасына Азиядан, соның ішінде Орталық Азия елдерінен кез келген жанрда түсірілген толық метрлі фильмдер қатыссын деп шақырамыз. Ал қысқа метрлі фильмдер тек Латын Америкасынан қатыса алады. Осы жаңалықтар Латын Америкасында алғаш рет, Alternativa жобасының ресми серіктесі — Гвадалахара (Мексика) қаласында 40-Халықаралық кинофестиваль аясында өткен баспасөз конференциясында айтылды.

Конференцияға Alternativa басшысы Лиза Сурганова, Industry and Labs бағытының жетекшісі Анна Гудкова мен маркетиң және коммуникация бөлімінің басшысы Анджелка Янкович қатысты.

Alternativa — көшпелі халықаралық бастама, әр жаңа Alternativa Film Festival өткенде, оның фокус аймағы өзгеріп тұрады. Кинофестивальдің мақсаты — жаһанның оңтүстігі елдерінен шыққан кинематографистерді жұртқа танытудың балама жүйесін құру, оларды әралуан, ауқымды аудиторияға танытып, аймақаралық байланыстарды нығайту. Alternativa Film Festival қоғамдағы оң өзгерістерге жетелейтін фильмдерді атап, көрсетеді.

Alternativa Жаһанның Оңтүстігі елдерінен шыққан таланттарды көбірек қолдау үшін қамту аумағы мен географиясын үнемі кеңейтіп отырады. Жобаның негізін 2023 жылы inDrive компаниясының негізін қалаушы әрі СЕО Арсен Томский Орталық Азияда (Қазақстан) қалап беріп, 2024 жылы жоба Оңтүстік-Шығыс Азияға (Индонезия) қанат жайып, енді міне, Латын Америкасындағы жұмысын бастамақ. Сөйте тұра жоба Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы хабтарының жұмысын жалғастыра береді.

Атап айтқанда, таяуда Алматыда Alternativa Film импакт-көрсетілімдері өтпек: көрермен Alternativa Film Festival 2024 қысқа тізіміне өткен және жеңімпаз болған фильмдерді көріп, талқылай алады. Ал биылғы күзде Alternativa Орталық Азия елдерінен шыққан, фильмдердің дистрибуциясын қоғамды шынайы өзгерістерге жетелей алатындай етіп құруды үйренуге ниетті кинематографистерге арнап Impact Distribution Lab өткізбек.

Латын Америкасынан дарынды кинематографистер шыққанын, онда жарқын, қуатты, адамды толғандыратын әңгімелер айтылатынын білеміз. Соның ішінде қоғамда ушығып тұрған тақырыптарды көтеретін Колумбия киноиндустриясының атағы кең тараған. Кинофестивалімізге осы контексті алып келіп, аймақтан бірдеңе үйреніп, оның шығармашыл күштерімен өзара қатынасып, ондағы жаңа дауыстырдың жаһан деңгейінде мойындалуына сеп бола алатынымызға қуанамыз, — деді Alternativa жобасының басшысы Лиза Сурганова.

Фото: Alternativa

Жаңа кезеңінде Alternativa Film Festival жаңа (бұрыннан бар алтауына қоса) марапат ұсынбақ, ал жалпы сыйлық қорын 120 000 долларға (бұрынғыдан 20 000$ көбірек) жеткізбек. Focus Award деген жаңа марапат жобаның қазіргі фокус аймағының шындығын тереңнен толғай жеткізіп, ондағы қиындықтарды, адамдар келешектен не күтетінін көрсете алған фильмге берілмек. Одан бөлек, әуелде сыйлық болып басталып, бұрын Alternativa Film Awards (2023) және Alternativa Film Awards & Festival (2024) деген атпен белгілі болған жоба Alternativa Film Festival деген аты айтып тұрғандай толық фестивальге айналмақ. Фестивальдің шырқау шыңы марапат тапсыру болып қала бермек, сөйте тұра бағдарламасы кеңейіп, енді фильмдер көрсетіліп, пікірталастар және көпшілік көрермен мен кәсіпқойлар қауымдастығына қызық болар іс-шаралар өтеді.

Былтыр 33 елден Alternativa фестиваліне қатысамын деген мыңнан аса өтінім түскен. Бұл жолы команда қызығушылық одан да асады деп күтіп отыр, соның ішінде Орталық Азия елдерінен шыққан авторлардың табысқа жетуге әбден мүмкіндігі бар деп сенеді. Айталық, 2024 жылы фестивальдің қысқа тізіміне Орталық Азиядан екі драма — Айжан Қасымбектің (Қазақстан) «Мадина» және Дальмира Тилепбергеннің (Қырғызстан) «Сый» деген фильмдері енген, ал қазылар алқасы қатарына қазақстандық деректі фильм режиссері, 2023 жылы Alternativa Film Awards байқауында Alter марапатын иеленген Qoryqpa фильмінің авторы Катерина Суворова кірген.

Alternativa Film Festival 2026 опен-колы 2025 жылғы 10 маусымда ашылып, 10 қазанға дейін жалғасады. Фестивальге қатысуға Латын Америкасы мен Азия режиссерлерінің 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін дайын болған толық метрлі ойын, деректі, анимациялық және гибрид фильмдері шақырылады. Кез келген жанрдың қысқа метрлі фильмдері тек Латын Америкасынан қабылданады. Дүниежүзіндегі премьерасы 2025 жылғы 1 тамызға дейін өткен және өтетін фильмдер үшін өтінім қабылдау мерзімі — 2025 жылғы 1 қыркүйек, 23:59 (UTC -5). премьерасы 2025 жылғы 1 тамыздан кейін өтетін фильмдер үшін өтінім қабылдау мерзімі — 2025 жылғы 10 қазан, 23:59 (UTC -5). Өтінім берудің толық шарты мен талаптары alternativa.film ресми сайтында жарияланған кинофестиваль регламентінде (Rules & Regulations) келтірілген.

Alternativa Film Festival 2026 бағдарламасының негізі байқауға қатысып жатқан фильмдерді жұртшылыққа тегін көрсету болмақ. Көрсетілімдердің артынан пікірталастар және өзге де, көрерменді фильмде сөз болған тақырыптар төңірегінде диалогке қатыстыруды мақсат ететін іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар фестиваль аясында Industry Days — импакт жағынан кинематографистер, продюсерлер мен эксперттердің басын қосатын кәсіби секция да өтеді. Фестивальдің аяғында марапаттау рәсімі өтіп, оған байқау бағдарламасына қатысқан фильмдердің бәрінің авторлары шақырылады.

Гвадалахарадағы баспасөз конференциясында inDrive негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томскийдің үндеуі де айтылды: «inDrive ішінде біз географиялық шекаралар таланттарға кедергі болып, маңызды әңгімелер айтылуын тежемеуге тиіс, өнер дүниежүзіндегі миллиондаған адамның өмірін жақсарта алады деп сенеміз. Бұл сенім inDrive компаниясының әділетсіздікпен күрес миссиясының өзегіне өрілген. Ол миссияны компания негізгі қызметі арқылы да, өзге жұмыс бағыттары арқылы да іске асырып келеді. Сондықтан да Жаһанның Оңтүстігі елдерінен шыққан, әлеуметтік маңызы бар фильмдер жасап жүрген режиссерлердің үні естіліп, жұмыстары көрініп, өздерін жұрт мойындауына сеп болатын Alternativa жобасы мен оның кинофестивалінің негізін қалап, жүргізіп келеміз».

Alternativa — inDrive компаниясы инновация дегенді тек көлік саласымен шектемейтінін, мүмкіндіктер тудырып, креатив ортада оң өзгерістерді ілгері жылжытудың жаңа тәсілдерін іздей беретінін көрсететін жоба. inDrive кинематографистерді қолдай отырып, қоғамның өзгеруіне бизнес қалай септесе алатынын көрсететін жаңа стандарт қалыптастырмақ. Технология мен өнердің басын қоса отырып, компания жаһанда көшбасшы болу деген — жай ғана адам тасу емес, тұтас индустрияларға шабыт беріп, дамуына сеп болу екенін түйсініп келеді.

Alternativa Film Festival 2026 қай күндері әрі қай қалада өтетіні, іріктеу комиссиясы мен халықаралық қазылар алқасының құрамы сынды егжей-тегжей ақпарат алдағы айларда жарияланады.

Exit mobile version