2025 жылғы мамыр айында Enbek.kz электрон еңбек биржасында 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме жарияланған. Сәуірмен салыстырғанда жұмыс орны саны 11,8%, түйіндеме саны 4,3% аз. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Мына саладағы мамандарды жұмыс берушілер көп іздеген:
- әдеттегідей, білім беру саласы — 15 мыңнан астам жұмыс орны;
- қызмет көрсетудің басқа түрлері — 10,7 мың жұмыс орны;
- құрылыс — 8,5 мың жұмыс орны ұсынылған.
Жұмыс берушілердің дені мына аймақтардан:
- Астана қаласы;
- Түркістан облысы;
- Павлодар облысы.
Ал Батыс Қазақстан, Алматы, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында бос жұмыс орнының саны азайған.
Жұмыс іздегендердің 53%-і — әйелдер, 48%-і — ерлер. Жұмыс іздегендердің басым бөлігі — 34 жасқа дейінгі азаматтар. Мамыр айында, әсіресе, Алматы қаласында жұмыс іздейтіндер азайған.
Сұранысы көп мамандықтар мыналар:
- тәртіп сақшылары (1,8 мың бос орын);
- медбикелер (1,7 мың);
- көлік жүргізушілер (1,5 мың).
Жұмыс беретіндер мына мамандарға ең көп жалақы ұсынған:
- тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары (орта есеппен айына 788 мың теңге);
- бас құрылысшы (662 мың теңге);
- бұрғылаушы-инженер (605 мың теңге).
Ал жұмыс іздейтіндер арасында ең көп жалақыны ұшқыштар (орта есеппен 2,3 миллион теңге), IT жобаларды әзірлеу бөлімінің басшысы (1,2 миллион теңге) және өндіруші саладағы участке басшысы (1,1 миллион теңге) сұраған.