Қазақстандық полиция іздестіріп жатқан шетел азаматы Черногорияда ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Черногорияның Будва қаласында аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген Түркия Республикасының азаматы ұсталды.
2022 жылғы қазаннан 2024 жылғы маусымға дейін ер адам Қазақстандағы ЖШС-лердің бірінің директоры бола отырып, пайдакүнемдік ниетпен қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, бірқатар алаяқтық әрекеттер жасаған.
Ол басқа ЖШС-лерге тиесілі қаражат пен мүлiктi иемденген. Келтірілген жалпы шығын 5 миллиард теңгеден асады, — делінген хабарламада.