Велошеру 26 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласынан басталып, Оралдағы Тұңғыш Президент алаңында мәреге жетті.
— Біздің велошеруіміздің мақсаты – жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, сондай-ақ осы жұмыс орындарында оқитын студенттерге қолдау көрсету. Өскемен қаласынан Оралға аттандық. Велосипедші ретінде, мен үшін қолайсыз ауа-райы, басқа да қиындықтар жоқ. Елііміз өте үлкен болғандықтан жол жағдайлары да әртүрлі. Бірақ, біз барлығын жүзімізден күлкі кетпей, жақсы көңіл-күймен еңсердік, — дейді велоспорттан мемлекеттік жаттықтырушы Денис Гольцман.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланған болатын. Соған сай жұмысшы мамандардың беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау мақсатында Үкімет «Жұмысшы мамандықтары жылын» өткізудің республикалық жоспарын бекітсе, министрлік техникалық және кәсіптік білім беруді қайта құрудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады.
Айта кетерлігі, еліміздің барлық өңірлерінде атулы жылды өткізу жоспары әзірленіп, кадрларды даярлау сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды кеңейту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда Қазақстанның кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж бар, оларда 565 мың студент оқиды. Техникалық және кәсіптік білім беруде 2024 жылға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады. Студенттердің шәкіртақысы екі есе өсті.