Басты бет Жаңалықтар Маңғыстауда мектеп асханалары тексерілді: 57 айыппұл салынды

Маңғыстауда мектеп асханалары тексерілді: 57 айыппұл салынды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Денсаулық сақтау министрлігі мектеп асханаларын тексеру нәтижесі бойынша 57 айыппұл салып, 60 ұйғарым берді.

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Министрлік Маңғыстау облысындағы мектеп асханаларын жаппай тексеруді аяқтады.

66 мектептің ас блогын тексеру қорытындысы бойынша 65-інде санитариялық-эпидемиологиялық талап өрескел бұзылғаны анықталды, 18 миллион теңгеден астам сомаға 57 айыппұл салынды, 60 ұйғарым берілді, 62 қызметкер жұмыстан шеттетілді, 1 материал сотқа берілді, — делінген хабарламада.

Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында денсаулық сақтау министрі «СҚ-Фармация» ЖШС бірыңғай дистрибьюторының облыстық вакцина қоймасына барып, вакциналарды сақтау шарттарын, «суықтық тізбегінің» сақталуын, тасымалдау шарттарын, жабдықтардың бар-жоғын тексерді.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. 2024 жылғы наурыз айынан бастап 18 жасқа дейінгі балаларды қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке (ҚҚП) қарсы иммундау көрсеткіші 83,9% болды.

Еске салайық, наурыз айында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында 11 оқушы астан уланып, ауруханаға түсті.

Exit mobile version