Тоқаев «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасованы өзінің кеңесшісі лауазымына тағайындады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Мемлекет басшысының өкімімен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.
Әсел Жанасова 2010 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Кембридж университетінде информатика саласындағы бакалавр дәрежесін алды. 2014 жылы Кембридж университетінің магистратурасын, М.Ломоносов атындағы ММУ-ді Executive Management бағдарламасы бойынша бітірген.
2010 жылдан 2014 жылға дейін Лондондағы Eurasian Natural Resources Corporation PLC компаниясының ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі департаментінің директоры қызметін атқарды. Ол команданы басқарды және әртүрлі елдерде (Қазақстан, Африка, Еуропа, Қытай және Ресей) ірі стратегиялық жобаларды енгізді.
2014-2016 жж. аралығында ұлттық банктің «Банктік сервис бюросы» РМК директорының кеңесшісі, ұлттық банкттің цифрлық технологиялар департаментінің директорының орынбасары болды.
2016-2017 жж. аралығында «Зерде» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
2017-2018 жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) басқарушысының кеңесшісі болып жұмыс істеді. ҚР сауда және интеграция вице-министрі лауазымына тағайындау алдында 2018 жылдан 2020 жылға дейін АХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры лауазымын атқарды.
Әсел Жанасова 2020 жылғы шілдеден 2022 жылғы қазанға дейін ҚР сауда және интеграция вице-министрі қызметін атқарды.
2022 жылдан бері «Қазпоштаны» басқарып келген.