Басты бет Push Алматы облысында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы салынып...

Алматы облысында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы салынып жатыр

Фото: Алматы облысы әкімдігі
Талғар ауданындағы жұмыс істеп тұрған «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында футбол академиясы салынып жатыр. Бұл — Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясы. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлап отыр.

2024 жылғы қыркүйек айында Sport Asset Management қоғамдық бірлестігі мен Doscar Group ЖШС испаниялық «Атлетико де Мадрид» футбол клубымен бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойған еді. Сол келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясын салу жоспарланған.

Академия құрылысы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – балалар академиясы нысандарын салу – 2025 жылғы мамырында басталып, 2026 жылдың соңында бітуі керек. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңы жаңғырып жатыр. Бұл нысан 30 маусымда қолдануға беріледі.

Қазір мына нысандар бойынша жобалық құжаттама келісіліп жатыр:
– 20 киім ауыстыратын бөлмесі, душ кабиналары, медицина пункттері, жаттығу және конференц-залдары, көрерменге арналған алаңдары бар әкімшілік-тұрмыстық кешен;
– қыс мезгілінде жаттығуға арналған жасанды жабыны бар жабық каркасты футбол залы;
– жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы;
– қақпашыларға арналған жаттығу алаңы;
– бұрынғы садақ ату ғимаратын заманауи өткізу пунктіне айналдыру (кіру аймағы, санитария тораптары, күту залы және кафетерий қарастырылған).

Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол командаларына арналған инфрақұрылым жасалмақ: табиғи шөп төселген екі ашық алаң, жасанды жабыны бар бір алаң және толық жабдықталған әкімшілік кешен.

Ал үшінші кезеңде 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салынады.

Академия спорттық база ғана емес, болашақта әлемдік деңгейдегі футболшыларды дайындайтын орталыққа айналып, қазақ футболы дамуына жаңа серпін береді.

Exit mobile version