Басты бет Жаңалықтар Алматыда Құрбан айт кезінде құрбандық шалатын орындар анықталды

Алматыда Құрбан айт кезінде құрбандық шалатын орындар анықталды

Фото: Оrken-media.kz
Алматыда Құрбан айт кезінде құрбандық шалатын орындар анықталды. Бұл туралы дін істері басқармасының бөлім басшысы Досхан Рахметілдаев мәлімдеп отыр.

Биыл қасиетті Құрбан айт мейрамын мұсылмандар 6, 7 және 8 маусым күндері атап өтеді. Алматының жеті ауданында осыған орай үлкен мешіттерге жақын жерде құрбан шалатын 12 арнаулы орын ашылды. 6 маусым күні таңғы сағат 06:00-де қаланың 56 мешітінде Айт намазы оқылады. Намаздан кейін бірден құрбандық шалу рәсімі басталады.

Құрбан айт — бұл жай ғана рәсім емес, бұл — жанашырлық пен сауапты іс. Бұл күндері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырмал болып, ізгілікке ұмтылған дұрыс. Қаламыздағы тұрғындардың барлық игі ниеті мен амалын Алла қабыл етсін, — деді Алматының бас имамы Төлеби Оспан өңірлік коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, жылдағыдай арнаулы орындарда мал сатылып, құрбандық шалынып, ет таратылады. Барлық орын таза, шариғат нормаларына да сай келеді. Діни рәсімді мешіттің қызметкерлері бақылап отырады. Сонымен қатар қаладағы 56 мешітте мұздатқыш орнатылып, етті тоңазытатын көліктермен де қамтамасыз етілген. Қала тұрғындары шалған құрбандығын жақын маңдағы мешітке апарып, қайырымдылыққа арнаса да болады.

Досхан Рахметілдаевтың айтуынша, барлық жерде құқық қорғау органдарының, санитарлық қызметтің және ветеринарлық бақылау инспекциясының мамандары кезекшілік атқарады. Олар мал сойған кезде санитарлық талаптың сақталуын қадағаламақ. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп күшейіп, рұқсат етілмеген жерде заңсыз сауда жасауға жол бермейді.

Сонымен бірге qurban.muftyat.kz онлайн-сервисы ашылған. Бұл сайт арқылы қашықтан құрбан шалуға тапсырыс беріп, оны бақылай аласыз. Ет алғысы келген мұқтаж жандар да осы сайт арқылы өтініш бере алады.

Діни шаралардан бөлек, дәстүрлі мерекелік бағдарлама да жоспарланған. Құрбан айт мерекесіне орай барлық мешіттерде киіз үйлер тігіліп, мерекелік дастархан жайылады, ұлттық спорт ойындары өткізіледі. Балаларға батуттар, тәттілер мен түрлі ойындар дайындалған. Алматыда құрбан шалу рұқсат етілген орындардың тізімі:

Алатау ауданы бойынша:

  • «Мырзахмет» мешіті. Қарасу ш/а, Солтүстік айналма жолы көшесі, 15.
  • «Әскер ата» мешіті. Айгерім-1 ш/а, Бенберин көшесі, 18/4.
  • «Алғабас» мешіті. Алғабас ш/а, Сайгүбе көшесі, 6. 

Бостандық ауданы бойынша:

  • «Бақыткелді» мешіті. Хан-Тәңірі ш/а, Дулати көшесі, 27/11. 

Медеу ауданы бойынша:

  • «Омар ибн әл-Хаттаб» мешіті. Жуков көшесі, 136 А.
  • «Аманқұл ата» мешіті. Т. Бигелдинов көшесі, 5.
  • «Фатима» мешіті. Ш. Жәнібек көшесі, 148.
  • «Райымбек батыр» мешіті. Думан-1 ш/а, Хан Тәңірі көшесі, 15.
  • «Арафат» мешіті. Ибрагимов көшесі, 5 А. 

Наурызбай ауданы бойынша:

  • «Қалқаман-2» мешіті. Қалқаман-2 ш/а, Аспандияров көшесі, 84. 

Түрксіб ауданы бойынша:

  • «Қайрат» мешіті. Қайрат ш/а, Сарымолдаев көшесі, 22. 

Жетісу ауданы бойынша:

  • «Әл-Мәдина» мешіті. Федоров көшесі, 12.

Exit mobile version