Шағын және орта бизнес Алматының экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады әрі қала экономикасының негізін қалыптастырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Алматы қаласының экономика басқармасы хабарлап отыр
2024 жылдың қорытындысы бойынша, ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі былтырмен салыстырғанда 13,9% ұлғайып, 24,9 трлн теңге болған. Қаланың жалпы өңірлік өніміндегі ШОБ үлесі 60,3% -ке жетті. Бұл — елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
ШОБ секторы баяғыдай жұмыспен қамтудың бас көзі болып отыр: 2024 жылы онда 972,1 мың адам жұмыс істеген. Бұл — Алматыдағы жұмыспен қамтудың жалпы деңгейінің 90%-іне тең. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша, қалада белсенді жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің саны 378,9 мыңға жетті, бұл биылғы жылдың басымен салыстырғанда 7,4% артық.
2025 жылғы сәуірде Алматыда республикадағы ең жоғары іскерлік белсенділік тіркелді: іскерлік белсенділік индексі — 57,9%.
Биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 70 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 52,8 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Алматы кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырып, қаланың іскерлік бастамашылық пен орнықты экономикалық өсу орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтып жатыр.