2024-2025 оқу жылында Ақмола облысында білім беру саласында инфрақұрылымдық серпіліс байқалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде тоғыз жаңа мектеп іске қосылды. Бұл қадам тығыздалған мектептер мәселесін шешіп, оқушылар үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етті.
Спикердің айтуынша, Целиноград ауданында биыл орын тапшылығы сегіз есеге, ал Көкшетау қаласында бір жарым есеге қысқарды. Сонымен қатар Бұланды ауылындағы апатты мектептің мәселесі шешілді.
Жаңа оқу жылында тағы бес мектеп ашылады деп жоспарланып жатыр. Бұл жобалар өңірдегі сапалы білімге қолжетімдікті арттыра түседі.
Әлеуметтік жағынан осал топтарға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Биыл облыстағы 65 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Олардың ішінде бастауыш класс оқушылары мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 5-11-класс оқушылары бар. Жазғы демалысқа арналған жолдамаларға 121,5 миллион теңге қаражат бөлінді, деді білім басқарасының басшысы.
Жаз мезгілінде балалардың 93%-і демалыспен, ал 100%-і түрлі жұмыстармен қамтылмақ. Облыста 16 лагерь жұмыс істейді, оның ішінде тоғызы – мемлекеттік және жетеуі – жекеменшік. Сонымен қатар 208 күндізгі лагерь мен 350 бейіндік алаң ашылып, 70 мыңнан астам оқушыны қамту жоспарланған. Тарих, өлкетану, әскери-патриоттық бағыттағы шатырлы және киіз үй лагерлері де ұйымдастырылады.
Кәсіптік білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Облыстағы 29 колледжде 19 мыңнан астам студент білім алса, оның 6 мыңнан астамы биыл оқуын аяқтайды. 543 студент үздік дипломға үміткер. Жыл бойы One School – One Skill және «Автобус профессий» жобалары жүзеге асты. Сингапур елінде педагогтерге арналған тағылымдамалар өткізілді, – деді брифиңде облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева.
Айта кетейік, биылғы көрсеткіштер мен жетістіктер – білім беру жүйесінің сапалы жұмысы мен дамуының айқын белгісі. Облыс әкімдігі мен білім басқармасы алдағы уақытта да бұл үрдісті жалғастырып, балалар мен ұстаздарға қолайлы жағдай жасауға күш салатындарын жеткізді.