2025 жылғы 24 мамырда президент Алматы әкімі Ерболат Досаевты қызметінен босатты. Алматы мәслихат депутаттары қала әкімі етіп Дархан Сатыбалдыны тағайындады. Baribar.kz Алматыны басқарған кейбір әкімді шолып шығып, олардың не іс бітіргенін, халыққа қаншалық сүйкімі болғанын баяндайды.
1867 жылы Верный бекінісіне қала дәрежесі берілді. Алғашқы басшысы болып архитектор, Алматының біршама ірі ғимаратының сызбасын сызған Андрей Зенковтың әкесі, инженер Павел Зенков тағайындалған.
Алматыны басқарған ең жас басшы
Алматы 1929 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан астанасы болған. 1927 жылы астананың Қызылордадан Алматыға көшуіне 24 жасында қала басшылығына келген Айтжан Түркебаев ықпал еткен. Ол — Алматыны күні бүгінге дейін басқарғандардың ішіндегі ең жасы.

Айтжан Түркебаев Алматыны 1924-1927 жылдары басқарған. Ол уақытта елдегі саяси жүйе, әлеуметтік жағдай ауыр еді. Соған қарамастан, 1926 жылғы 3 желтоқсанда Еңбек және қорғаныс кеңесі Түркістан-Сібір теміржолын салу жөнінде шешім қабылдаған. Түрксіб Алматының астана болуына септігін тигізді. Бұл істе Айтжан Түркебаевтың қолтаңбасы бар. Қазіргі Алматының Алмалы ауданында («Тастақ» базары жақта) Түркебаев атында көше бар.
2 айда трамвай жолын тартқызған басшы
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Алматы қалалық атқару комитеті төрағалығына Мұхамеджан Әбдіхалықов келді. Ол бұл қызметті Қазақ КСР Халық ағарту комиссарының орынбасары жұмысымен бірге атқарды.
Соғыстың алғашқы жылдарында Алматы майданға азық-түлік пен киім-кешекті үздіксіз жіберіп отыратын. Қала билігі берілген Мұхамеджан Әбдіхалықовтың да міндеті майдандағы жауынгерлерді керек-жарақпен қамтамасыз ету еді. Әбіхалықов бұл қызметті бір-ақ жыл істеген.
Екі ай ішінде қала орталығынан вокзалға дейінгі трамвай жолын тартқызған. КСРО-да соғыс жүріп жатыр, Алматы бар азығы мен киімін майданға жолдап жатыр. Сондай алмағайып заманда трамвай жолын сонша жерге тартқызу, онда да сонша аз уақытта тартқызу басшының іскер екенін көрсетеді.
Қалаға Амангелді Имановтың ескерткішін орнатқан басшы
1950 жылға дейін Алматы басшысын Мәскеу мен партия тағайындайтын. Ал сол жылы бұл үрдіс үзіліп, қалада жеке-дара сайлау өтеді. Сайлау нәтижесі бойынша, Алматыны бұған дейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Рымбек Ілияшев басқаратын болады.
Бұл басшының бірнеше қызметін ерекше бағалауға болады. Біріншісі, ол соғыстан оралған мүгедектер мен күйеуі майданнан оралмаған әйелдерге әлеуметтік көмек берді. Оларға тұрғын үй берді, балаларын балабақшаға орналастыртты.
Екіншісі, көшелерге ағаш еккізді. Үшіншісі, 50-жылдары Алматыда қонақүй көп болған дейді. Рымбек Ілияшев солардың орнына жаңа үлгідегі дүкен ашуға атсалысқан.
Төртіншісі, қалада 1950 жылы Амангелді Имановқа ескерткіш қойылды. Бесіншісі, сол жылы шампан-шарап зауыты іске қосылды.
Алматыдағы 10 мың отбасына пәтер бергізген басшы
1956 жылы Алматы басшылығына қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер Ахмет Әділов келген. Ол қаланы төрт жыл басқарған.
Ахмет Әділов қаладағы 10 мың отбасына жаңа пәтер бергізген. Сол жылдары 11 мектеп қолданысқа берілген. Жолдар жөнделіп, электр жарығы тартылған. Орталық стадион, «Целинный» кинотеатры, балалар емханасы салынған және Абай ескерткішінің тұғыры биіктетілген.
Үлкен даңғылға Сейфуллин атын бергізген басшы
Бұл — теміржолшы Есен Дүйсенов. Ол қаланы 1960 жылдан бастап, 15 жыл басқарған. Басшы болып тұрған тұста қаладағы қазіргі бас ғимараттар салынды. Олар: 25 қабаттан тұратын «Қазақстан» қонақ үйі, «Алматы» қонақ үйі, Спорт сарайы, Республика сарайы, М.Ю.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театры, Ұлттық кітапхана (ол кезде Пушкин атында болды — ред.), «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» спорт кешені, цирк және «Саяхат» автовокзалы.
Дүйсенов Алматыда Ташкент темір жол инженерлері институтының филиалы ашылуы үшін көп жүгірген. Ақыры ашқызған. Бұл институт қазір — М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясы.
Есен Дүйсенов қазіргі Сәкен Сейфуллин даңғылына осы ақын, жазушының атын беруді ұсынған. Сонда Қалалық атқару комитеті мәдениет бөлімінің бастығы болып тұрған келіншек «Ол кім тағы?» деп, даңғыл үлкен екенін, оған орыстың ұлы адамдарының атын беру керек екенін тізіп шыққан. Сонда Есен Дүйсенов: «Қазақтың дауылпаз ақыны, революционері, 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болған Сәкен Сейфуллинді білмейтін сен секілділер атқарып жүрген қызметіне лайық емес. Бүгіннен бастап жұмыстан боссың!» — деген. Сөйтіп, даңғылға Сәкен Сейфуллин аты берілген.
Тимур Құлыбаевтың әкесі де Алматыны басқарған
Асқар Құлыбаев — техника ғылымдарының докторы. Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы болғанға дейін қаладағы құрылыс мекемелерінде инженер, басшылық қызметтер (1961–83) атқарған. Алматыны 1983-85 жылдары басқарған. Ол қаланың жылу жүйесін реформалаған.
Асқар Құлыбаев мемлекеттік қызметтерде жүргенде оның ұлы қазіргі миллиардер Тимур Құлыбаев бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаеваға үйленген.
Былтыр Асқар Құлыбаевқа тиесілі мұнай терминалы мемлекетке қайтарылған еді. Терминалдың құны 66 миллион доллар (сол кездегі 29,5 миллиард теңге) деп бағаланған, ауданы — 134 гектар жер. Бас прокуратура мәліметінше, терминал шетелдегі инвестор меншігінен заңсыз алынып, 2011 жылы Асқар Құлыбаевтың қолына өтіп кеткен.
Кеңес Одағы кезіндегі Алматының соңғы басшысы
Заманбек Нұрқаділов — Кеңес одағы кезіндегі Алматының соңғы басшысы (1985-91 ж.ж.) және тәуелсіз Қазақстандағы Алматы қаласының алғашқы басшысы (1991 — 1994 ж.ж.). Мамандығы — инженер-құрылысшы. Әйгілі Медеу бөгетінің салынуына атсалысқан. Алматының визит картасына айналған халықаралық «Азия дауысы» байқауының бастамашысы әрі ұйымдастырушыларының бірі болған. Оның тұсында қалада жекешелендіру жүріп, алғашқы коммерциялық кәсіпорындар, фирмалар, банктер ашыла бастаған.
Ол бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметін бірнеше рет қатты сынаған. 1995 жылы жаңа парламенттің депутаты болып, сол кездегі үкімет пен басқару режиміне қарсы шыға бастаған. 1997 жылы Назарбаевқа ашық хат жазып, оның президент қызметін қатты сынап тастаған. 2004 жылы баспасөз конференциясын жасап, журналистерге Назарбаевқа жазған жаңа хатын оқып берген. Хатта бұрынғы КП ОК және Қазақ КСР министрлер кеңесінің ауылдағы санаторилары мен демалыс үйлерін, Астанаға көшкен министрліктер мен республикалық ведомстволар ғимараттарын жекешелендіру және Алматы апортының тау етегіндегі алма бақтардың орнына зәулім сарайлар салып тастау жазылған.
Нұрқаділов хат соңында Назарбаевты отставкаға кетуге шақырған. Алайда оның орнына өзі сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік төрағасы қызметінен қуылды.
Заманбек Нұрқаділовтің денесі 2005 жылғы 12 қарашада үйінен табылған. Денесіне екі оқ, басынан бір оқ тиген. Ресми нұрсқа бойынша, бұрынғы әкім өзіне оқ атқан. Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленген.
Алма бақтарын кесуге жол берген әкім
Әрине, бұл — Виктор Храпунов. Ол Алматыны 1997-2004 жылдары басқарған. Өзі Алматыда тұрып, ұзақ жыл жұмыс істеген энергетик.
Елімізде 90-жылдардың соңынан бастап экономикалық серпіліс басталып, қалалар белсенді салынып жатты. Бейберекет салынғаны да рас. Алматының етегіндегі әйгілі алма бақтары сәнді коттедждер салу үшін кесіліп тасталды. Храпуновпен келісе алған адамдар тіпті су қорғау аймақтарын да салған.
Храпунов дегенде халық есіне әуежай түседі. Алматы әуежеайы 1998 жылы өртеніп кеткен, сосын тым ұзақ салынып бітті (2004 жылы). 1999 жылы «Алматы — алғашқы махаббатым» деген музыка фестивалі жыл сайын өте бастағанан айтып өтейік.
Бір айта кетерлігі, Храпунов кейін төтенше жағдайлар министрі болды да, жемқор, алаяқ, қылмыстық топ ұйымдастырушы деген сияқты көптеген айып тағылып, сырттай 17 жылға сотталды. Алайда Храпунов отбасымен шетелде тұрып жатыр, түрлі елде бизнеспен айналысады.
Шаңырақ оқиғасы кезіндегі әкім
Иманғали Тасмағамбетов Алматыны 2004-2008 жылдары басқарды. Халықтың есінде сауатты басшы ретінде сақталғаны рас: көшелер қоқыстан тазарып, жаңа көшелер, жолайрықтар салынды.
Тасмағамбетов әкім болған жылдары Шаңырақ оқиғасы болды. 2006 жылғы 14 шілдеде Шаңырақ ықшам ауданында жаппай тәртіпсіздік орнады. Себеп — заңсыз салынған құрылыстарды бұзу. Халық тұрып жатқан үйін бұзуға қарсы шықты. Сөйтіп, шағын ауданға Алматы полициясы арнайы жасақпен кірген. Бұзуға қарсы шыққан халық пен полиция арасында қақтығыс туып, Әсет Бейсенов деген полиция қызметкері тірідей өртеніп кеткен еді.
Тасмағамбетовтың кезінде әйгілі «Азия дауысы» жабылды. Ол соңғы рет 2004 жылы өткен болатын. Алматы «Азиада-2011» жарысын өткізу байқауын жеңіп алды.
Автобус жолағын әкелген әкім
Бұл — Ахметжан Есімов. Ол қаланы 2008-2015 жылдары басқарған. Әуелде оның қызметі көп сынға ұшырады. Дегенмен уақыт өткен соң барып, оның жақсы істері айтыла бастады.
Ахметжан Есімов жұмысты ә дегенде қоғамдық көліктерден бастаған. Елімізде алғаш болып автобусқа бөлек жолақ бөлгізген. Қалада бірнеше жолайрық салынды. Метро ашылды. ЖЭС қолданысқа берілді. Әкім «Жаяу жүргіншілерге арналған Алматы» жобасын жүзеге асырған. Веложолдар салынып, веломарафондар өте бастады. Әрине, мұны автокөлік жүргізетіндер мүлдем жақтырған жоқ.
Алматыда «Азиада-2011» қысқы спорт ойындары өтті. Сол жылдары қала қысқы Универсиада ойындарын өткізу құқын да алды. Қалаға Алатау және Наурызбай аудандары қосылды. Есімов басшы болып тұрғанда қалада ойын-сауық орталықтары көптеп салынды. Алайда коммунал қызметкерлерінің жұмысы шала болды. «Барахолка» базары бірнеше рет өртенгені де есте.
Мақтау мен сын қатар жүрген әкім
Есімовтен кейін қаланың әкімі Бауыржан Байбек болды. Ол алдыңғы әкім бастаған қоғамдық көлік саласындағы жаңашылдықты жалғастырды. «Оңай» картасын енгізді, автобус жолағын көбейтті, Тимирязев пен Мұстафин көшелерін қайта жасап, оларды автобус жүретін көшеге айналдырды.
Қаладағы жаяу жүргіншілер жолы көбейді. Көп жылдан бері тұрғындардың ауласы жөнделіп, балалар алаңы көбейді. Арбат жаңғырды. Алматы қысқы Универсиада ойындары сәтті өткізіп алды.
Алайда Бауыржан Байбек қалада жүріп тұрған траймвайларды алып тастап, халықтың сынына ұшырады. Олардың орнына ЛРТ салуға уәде берген, бірақ ЛРТ Алматы тұрмақ, Астанада да салынбағанын білеміз. Жаңбыр жауған сайын көшелер суға толатыны жас әкімнің имижіне кері әсер етті.
Бір бағытты жолмен жүру жылдамдығын 40 км/сағат қылғаны және Шығыс айналма жолдағы (әл-Фараби даңғылы — ред.) жылдамдықты 60 км/сағатқа азайтқаны халықтың ашуын туғызған еді. «Атакент» алдындағы үлкен тиіннің мүсініне халық әбден күлгені де рас. Ал бұл мүсінге Алматы бюджетінен 15 миллион теңге бөлінгенін естігенде, әлжеліде ашулы посттар шығып кетті.
Пандемия кезі мен Қаңтар қырғынындағы әкім
Бақытжан Сағынтаев Алматыны 2019-2022 жылдары басқарды. Халық әбден шағымданған соң, әл-Фараби даңғылындағы 60 км/сағат жылдамдықты алып тастап, бұрынғы 80 км/сағат жылдамдықты қайтарды.
Сағынтаев әкім болғанда қойылған міндет қаланың қауіпсіздігін арттыру еді. Ол қаладағы бейне-бақылау камерасын көбейтті, мегаполисте 32 полиция посты жасалды (әр ауданға төрт посттан).
2020 жылы COVID-19 инфекциясы жүргенде әкім қалаға кіріп шығатын жерлерден 27 блокпост ашқызып, қалаға кіріп-шығуға шектеу қойды. Сол жылы қаладағы инфекциялық аурухана салуды мақұлдап, қол қойды. Аурухана жылдам салынып бітті.
2022 жылы Алматыда Қаңтар қырғыны болғанда Бақытжан Сағынтаев мінген кортежді белгісіз біреулер атқылаған. Бұл кезде әкім Республика алаңындағы әкімдікке бара жатқан еді. Әкімнің жүргізушісі, көліктегі әкімдік қызметкерлері жараланып, «Алматы» телеарнасының жүргізушісі қаза болды. Әкім аман-сау қалды.
Сол жылы 13 қаңтарда журналист Вадим Борейко Қаңтар қырғынынан кейін әкімнің отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялаған еді. Бақытжан Сағынтаев 2022 жылғы 31 қаңтарда қызметінен кетті, алайда себебі «басқа қызметке ауысуына орай» деп көрсетілген.
Халықпен мәдениетті сөйлеспейтін әкім
Ерболат Досаев 2022 жылғы 31 қаңтарда әкім қызметіне кіріскеннен кейін бір айдан соң-ақ халықтың қарсылығына тап болған. Ғылым академиясына жиылған жұрт әкімді өзіміз таңдауға мүмкіндік беруді сұраған.
Досаевтың кезінде Алматының бюджеті алғаш рет 2 триллион теңге болды. Әкім қоғамдық көлікті экологиялық тұрғыдан жақсырағаны жаңарту үшін газбен жүретін 770 автоус, 11 электробус және 112 троллейбус сатып алғызды. Бұл көліктер тағы да толықпақшы болған, мұны енді Дархан Сатыбалдының уағында көреміз.
Досаев әкім болып тұрғанында тұрғын үй кешендерінің жанына тығыз етіп құрылыс салуға тыйым салды, рұқсат етілген қабат санын азайтты, тау бөктерінде ғимарат салуға тыйым салды. Оның кезінде әкімдік алғаш рет пәтер алмай-ақ қою керек тұрғын үйлердің тізімін жариялады.
Ерболат Досаевтың кезінде коммунал қызметтері қымбаттады. «Суық суға бұрын 2 600 теңге төлейтін едік, қазір 9 мыңның үстінде төлейміз» деген тұрғынға суды үнемдеу керек екенін айтқан еді.
Досаев — халықпен жиі кездескен әкім. Алайда жұрттың есінде оның «сызылып тұрмайтын», мәдениет сақтамайтын жауаптары қалды. Әуезов ауданындағы халықпен кездескенде бір сұрақты бірнеше кездесуде қойған әйелге «Мен аса төзімді адаммын, бірақ төзімімдіі тауысудың қажеті жоқ» деген еді.
2023 жылы желіде Досаевтың отставкаға кетуін талап кеткен петиция жарияланып, оған 57 мың адам қол қойған еді. Сол кезде әкім «жұмысыма мемлекет басшысы ғана баға береді» деген болатын. Расында, Ерболат Досаевты мемлекет басшысы 2025 жылғы 24 сәуірде отставкаға жіберді.
Қандай әкім болмақ?
Сол күні-ақ Алматы мәслихат депутаттары қала әкімі етіп Дархан Сатыбалдыны тағайындады. Ол бұған дейін Түркістан облысының әкімі болған еді.
Тоқаев 26 мамырда жаңа әкімді қабылдап, оған мегаполисті дамытудың негізгі міндетін жүктеген. Оның ішінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту және жол-көлік желісінің жағдайын жақсарту, экологиялық мәселелерді шешу бар.
Содан кейін жаңа әкім әлжеліде Алматы тұрғындарына үндеу жариялаған. Ол «Бұл шаһарға шынайы жанашырлықпен, тың серпінмен, нақты іспен қызмет ету — мен үшін үлкен мәртебе» деп жазған. Дархан Сатыбалдының қандай әкім екенін алдағы уақытта білеміз.
Айтпақшы, Дархан Сатыбалдының бауырлары Ғабит пен Сұңқар Сатыбалдиевтер — Астанадағы Талдыкөлді құрғатып, тұрғын үй салып жатқандардың бірі. Ғабит Сатыбалдиевтің SAT-NS жәнЕ SAT Group Construction компаниясы және Сұңқар Сатыбалдиевтің SAT Group Project компанисы Талдыкөлден 21 жер тілімін сатып алған.
2023 жылы журналистер сол кездегі Түркістан облысы Дархан Сатыбалдыдан бауырларының әрекеті туралы сұраған. Сонда ол бауырларының ісіне ықпал етпейтінін, ал Талдыкөл проблемасы туралы естімгенен айтқан еді.
***
Бір айта кетерлігі, Алматы қала болғалы басшылыққа бір де бір әйел адам тағайындалмаған.
***
Дереккөз: E-history.kz сайты, «Алматыны басқарғандар» кітабы, Алматы 2008 және ақпарат сайттары.