Былтыр экономикалық зерттеулер институтының заң жобаларын сараптау орталығының директоры Азиза Қасенова «500 ғалым» бағдарламасы аясында АҚШ-тағы Иллинойс университетінің Құқық мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтті.
АҚШ-тағы ең көне заң факультеттерінің бірінде, Авраам Линкольн қалыптасқан штатта білім алу – оның академиялық және тұлғалық дамуына үлкен серпін берді.
Азиза неліктен дәл осы университетті таңдады? Қандай қиындықпен бетпе-бет келді? Тағылымдама оның кәсіби ұстанымына қалай әсер етті? Азиза сұхбатында осы сұрақтарға жауап берді.
— Азиза, сізге тағылымдама үшін Иллинойс университетінің Құқық мектебін таңдауға не түрткі болды?
— Тағылымдама өтетін университетті таңдағанда жалпы рейтиңмен қатар, нақты факультеттің жетістіктеріне де ерекше мән бердім. Мен үшін пәндік рейтиңдер, ғылыми жарияланымдар және түлектердің мансап мүмкіндігі маңызды болды.
Иллинойс университетінің Құқық мектебі бірнеше себеп бойынша мені бірден баурап алды. Біріншіден, бұл – АҚШ-тағы ең көне әрі беделді заң оқу орындарының бірі. Ол 1897 жылы құрылған және студенттерді сапалы дайындау деңгейімен танымал. Мысалы, түлектерінің шамамен 94%-і адвокаттық лицензия алу емтиханынан сәтті өтеді, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Екіншіден, бұл факультеттің ерекшелігі – «Құқық, мінез-құлық және әлеуметтік ғылымдар» (Law, Behavior, and Social Science) бағдарламасының болуы. Бұл бағдарлама заң ғылымын мінез-құлық психологиясымен, экономикамен, философиямен және әлеуметтанумен ұштастырады. Мұндай пәнаралық көзқарас – қазіргі заңгерлер үшін өте маңызды әрі сирек кездесетін мүмкіндік. Сонымен қатар көптеген профессордың екі дипломы бар – мысалы, J.D. және PhD, бұл оқытушылар құрамының жоғары деңгейін көрсетеді.
Шынымды айтсам, бастапқы кезеңде АҚШ визасын алу мүмкіндігіне қатысты күмәнім болды. Сондықтан кез келген прагматикалық заңгер секілді менде «Б жоспары» да болды – бір еуропалық университетпен де келіссөз жүргізіп жаттым. Алайда, Illinois College of Law менің кәсіби мақсатыма және ғылыми қызығушылығыма барынша сәйкес келді.
Сонымен қатар таңдауымда тағы бір стратегиялық мән болды. Себебі мен ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығы ұйымдастырған «500 ғалым» бағдарламасына қатысуды жоспарладым. Сондықтан бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін шетелдік жоғары оқу орындарының тізімін мұқият қарап шықтым. University of Illinois осы тізімге енген және жоғары білім мен ғылыми-зерттеу саласында жетекші орын алатын мекемелердің бірі ретінде танылған.
Тағы бір маңызды жайт – қазіргі қызметім. Мен Экономикалық зерттеулер институтының заң жобаларын ғылыми сараптау орталығының директоры болғандықтан, заң шығармашылығы мен оған қатысты салаларда заманауи зерттеулер жүргізілетін, пәнаралық тәсілге негізделген оқу орнын табу мен үшін маңызды болды.

— «500 ғалым» бағдарламасына қатысуға дайындық кезінде қандай қиындықтарға тап болдыңыз, оларды қалай еңсердіңіз?
— «500 ғалым» бағдарламасына қатысу белгілі бір дайындықты талап етеді. Бастапқы талаптарға – ғылыми жарияланымдар мен академиялық немесе зерттеу тәжірибесінің болуы жатады. Бұдан бөлек, қазақ және ағылшын тілдерін білу, кәсіби қызметке және тағылымдама тақырыбына қатысты бірқатар қосымша шарттар бар.
Алайда формалды талаптарға сай болу – бұл тек алғашқы қадам. Одан кейінгі кезеңде конкурстық рәсімдерден өту қажет: тест тапсыру, мотивация мен тағылымдамадан кейінгі жоспарларға негізделген сұхбат. Бұл үдеріс – уақыт пен тәртіпті, сонымен бірге нақты мақсат пен сенімді талап етеді.
Мен үшін бұл дайындық оңай болмады, бірақ оны кәсіби өсу жолындағы кезең деп қабылдадым. Мұндай конкурстық іріктеулер тек мықтыларды таңдап қана қоймай, алға ұмтылуға, өз жұмысыңның маңыздылығына сенуге және халықаралық деңгейде мойындалуына итермелейді.
— Тағылымдамаңыздың негізгі мақсаты қандай болды, ол қаншалық жүзеге асты деп есептейсіз?
— Тағылымдамамның негізгі мақсаты – АҚШ-тың құқықтық жүйесін, әсіресе конституциялық құқық институтын тереңірек зерттеу болды. Бұл тақырып қазіргі уақытта Қазақстанда заңнаманы жетілдіру үдерісі жүріп жатқандықтан ерекше маңызға ие.
АҚШ секілді дамыған демократиялардың тәжірибесі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік тармақтарының тепе-теңдігі мен тұрақты құқықтық жүйені қамтамасыз етудегі конституциялық қағидаттарды зерделеу үшін аса маңызды.
Сонымен қатар қосымша ғылыми бағыт ретінде зияткерлік меншік құқығын таңдадым. Атап айтқанда, фольклор мен дәстүрлі білімдерге қатысты зияткерлік меншікті қорғау мәселелерімен айналыстым. Бұл менің креативті индустрия туралы заңнамалық түзетулер дайындау шеңберіндегі қызметімнің логикалық жалғасы болды. АҚШ-тың дәстүрлі білімді қорғау тәсілдері және олардың Қазақстан жағдайына бейімделу мүмкіндіктері мені қызықтырды.
Жалпы, тағылымдамам өз мақсатына толықтай жетті деп санаймын. Бұрын алған білімдерім мен жаңадан игерген теориялық және практикалық материалдар өзара үйлесіп, біртұтас ғылыми-құқықтық көзқарас қалыптастырды. Бұл менің зерттеу жұмыстарымның сапасы мен мазмұнын едәуір арттырды және заң шығару үдерісінде тәжірибелік тұрғыдан қолдануға мүмкіндік беретін берік негіз қалады.
— АҚШ-тың құқық саласындағы білім беру жүйесіндегі қандай ерекшелік сізді таңғалдырды ма немесе Қазақстандағы тәжірибеден ерекше болып көрінді ме?
— 2015 жылы Қазақстанда магистратураны аяқтағанмын, содан бері білім беру саласы мен технологиялар едәуір ілгеріледі. Дегенмен ең негізгі айырмашылық – студенттердің сабаққа дайындалу тәсілінде.
АҚШ жүйесінде студенттер дербес дайындыққа көп уақыт бөледі. Қазақстанда оқытушы алдымен жаңа тақырыпты түсіндіріп, кейін үй тапсырмасын береді. Ал шетелдік тәжірибеде студент алдын ала тақырыпты оқиды – дереккөздерді, прецеденттерді, теорияларды зерттейді, содан кейін дәріс барысында терең талқылау, пікір алмасу жүреді. Мұндай әдіс – сыни ойлау мен белсенді оқу процесін қалыптастырады.
Сот тәжірибесін оқу барысында бұл тәсіл ерекше көрінеді. Студенттер нақты істерді талдай отырып, заңнамалық нормаларды ғана емес, сонымен бірге түрлі құқықтық доктриналарды, судьялар мен ғалымдардың пікірлерін де зерттейді. Бұл құқықты тек тетік ретінде емес, терең зияткерлік және дамып отыратын жүйе ретінде түсінуге мүмкіндік береді.
— Сот процестеріне қатыстыңыз ба немесе практикалық сабақтарға бардыңыз ба? Бұл сіздің АҚШ-тағы заңгер мамандығына деген көзқарасыңызға қалай әсер етті?
— Иә, тағылымдама барысында АҚШ-тың құқық қорғау және қылмыстық-атқару жүйесінің негізгі мекемелеріне бардық. Бұл менің кәсіби түсінігімді тереңдетті.
Атап айтқанда, шериф кеңсесі мен 911 диспетчерлік орталығына бардық. Мұнда жедел әрекет ету қызметтерінің – патрульдік және тергеу бөлімдерінің – өзара әрекеттесу жүйесін көзбен көрдік. Бұл қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету тетіктерінің үйлесімдігін бағалауға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге тергеу мен жедел-іздестіру шараларының элементтері, алғашқы ақпаратты тіркеу, күдіктілермен жұмыс істеу және дәлелдер жинау тәсілдері көрсетілді. Процессуалдық стандарттар – дәлелдердің рұқсат етілуі мен қатысушылардың құқықтарының сақталуы – қатаң сақталады.
Біз уақытша ұстау изоляторына да бардық. Бұл – Қазақстандағы уақытша ұстау абақтысына ұқсас мекеме. АҚШ-тың алдын ала қамауға алу институтын жүзеге асыру тәсілдері мен ондағы жағдаймен танысу мен үшін маңызды болды.
Сот процестеріне келсек, Құқық мектебінде белсенді судьялар мен зейнеткер судьялар қатысатын арнайы іс-шаралар өткізіледі. Онда олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты істерді талдап, студенттердің сұрақтарына жауап береді. Бұл оқу форматы – сот қызметін терең түсінуге жол ашады.
— Бұл тағылымдама сіздің кәсіби дамуыңызға және болашақ жоспарларыңызға қалай әсер етті?
— Әзірге тағылымдама аяқталғанына көп уақыт өте қойған жоқ, сол себепті түпкілікті қорытынды жасауға ерте. Бірақ қазірдің өзінде бұл тәжірибенің мені академиялық және тұлғалық тұрғыдан байытқанына сенімдімін.
Ол құқық саласындағы білімімді тереңдетуге, салыстырмалы құқықты зерттеуге деген қызығушылығымды арттыруға және конституциялық құқық пен зияткерлік меншік саласындағы кәсіби дамуыма түрткі болды.
Маған бұл тәжірибенің мәдени аспектісі де маңызды болды. Бұл тағылымдама мені Авраам Линкольн сияқты заңгер, саясаткер және ойшыл қалыптасқан Иллинойс штатындағы бір жарқын, шағын өмірді бастан кешіруге мүмкіндік берді. Мұндай кеңістікте болу – тек қызық факт қана емес, терең символикалық мәнге ие тәжірибе. Ол маған идеялардың, кәсіби адалдықтың және құқықтық ойдың қоғам мен мемлекет тағдырындағы рөлін еске салды.