Алматы облысында мектеп оқушысының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, қайтыс болған бала 11-класс оқыған. Оқиға орны мен нақты жағдайлар тергеу құпиясына байланысты жария етілмей отыр. Бірақ оны өлтірді деген күдіктінің де мектеп оқушысы екені белгілі болды. Олар бір класта оқыған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдары күдіктінің заңды өкілдеріне қатысты да шара қабылдаған. Олар баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күдікті ұсталды, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Білім басқармасына ресми ұсыныс жолданды.
Қазір оқиғаға байланысты барлық қажет тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстың барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі.
Қалған мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды, – делінген хабарламада.