Басты бет Жаңалықтар Астанада ислам қаржысы мен бизнесі форумы өтті

Астанада ислам қаржысы мен бизнесі форумы өтті

Фото: АХҚО
2025 жылғы 19 мамырда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Islamic Finance and Business Forum атты ислам экономикасының дамуына, орнықты бизнеске және өңіраралық кәсіби диалогқа арналған ауқымды іс-шара өтті.

Форум мемлекеттік органдар, ислам банктері, халықаралық ұйымдар, қаржылық-техникалық стартаптар, сонымен қатар өңірдегі әйел-көшбасшыларды бір алаңға біріктірді. Жалпы форумға 200-ден астам адам қатысты.

Форумды Қазақстанның Ислам қаржысы және бизнес қауымдастығы (AIFB) мен TIDAM коммуникациялық агенттігі АХҚО қолдауымен ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі серіктестері — Zaman Bank, Al Safi Bank, ITS және Alif (Өзбекстан) — форумның диалог және өңірдегі исламдық қаржы шешімдерін ілгерілету алаңы ретіндегі маңызын арттыруға зор үлес қосты.

Форумға қатысушылардың қатарында мемлекеттік мекемелерден бастап технологиялық компанияларға дейін әртүрлі секторлардың өкілдері болды. Атап айтқанда, Ресей банкі Бухгалтерлік есеп пен есептілікті реттеу департаментінің директоры Мария Волошина; ҚР парламенті мәжілісінің қаржы комитетінің төрайымы Татьяна Савельева; Al Safi Bank бас директоры Мирлан Таймурзаев; «Заман-Банк» АҚ басқарма төрайымы Гүлфайруз Асаева; Ajr Finance қаржылық-техникалық стартапының негізін қалаушы Тимур Мұхтаров; Muslim United SuperApp бас директоры Самат Нұржанұлы; халықаралық сарапшы доктор Хумаюн Дар, Cambridge IFA директоры және ислам қаржысы, мемлекеттік саясат пен орнықты даму саласындағы басқа да танымал сарапшылар қатысты.

Форумның алғашқы сессиясы өңір мен әлемдегі ислам қаржысының болашағына арналды. Спикерлер ислам банкингін енгізу тәжірибелерімен бөлісіп, халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Пікірталастан кейін ислам қаржысы, орнықты бизнес және халықаралық серіктестік салаларында жұмыс істейтін негізгі ұйымдар арасында төрт стратегиялық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, АХҚО әкімшілігі мен Silk Way Alem (Нигерия – Қазақстан) арасындағы ислам қаржыландыруды дамыту, өңірлер арасындағы диалогты қолдау және Нигерия институттарын АХҚО экожүйесіне тарту жөніндегі келісім жасалды. Сонымен қатар AIFB мен Қазақстан Ислам құрылысшылар қауымдастығы, AIFB мен Compliance Hub, ITS пен «Зекет» қайырымдылық қоры арасында меморандумдар бекітілді. Бұл келісімдер құрылыс саласына халал стандарттарын енгізуден бастап комплаенс-мәдениетті дамыту және бірлескен сараптамалық алмасуға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтиды. Қол қойылған құжаттар ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен жобаларды іске қосуға және ислам секторындағы ашықтықты арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Форум бағдарламасында әйелдердің ислам экономикасындағы орнына ерекше мән берілді. Форумның екінші сессиясында Орталық Азия мен Ресей елдерінен келген әйел-сарапшылар өз тәжірибелерін ортаға салып, кәсіби кедергілерді еңсеру жолындағы жеке оқиғаларымен бөлісті. Бұл тақырыпты жалғастырған халықаралық WOMANi марапаттау рәсімі Қазақстанда алғаш рет өтті. Салтанатты рәсім аясында ТМД мен Орталық Азия елдерінен шыққан көрнекті әйелдер марапатталды.

Фото: АХҚО

Форум қорытындыларына пікір білдірген Қазақстан Ислам қаржысы және бизнес қауымдастығының төрайымы Мадина Тукулова: «Біз өңірде ислам қаржысының қарқынды дамуын бақылап отырмыз. Бұл форум кәсіби диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа бірлескен шешімдерге бастама болатын маңызды платформаға айналды. Қол қойылған меморандумдар мен әйел-көшбасшылардың белсенді қатысуы өңірімізде ислам экономикасы жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көрсетті», — деп атап өтті.

Келесі сессияларда қатысушылар халал-сектордағы өнімдерді ілгерілету стратегияларын және исламдық қаржылық технологиялардың әлеуетін талқылады. Жас технологиялық компания өкілдерінің баяндамалары ерекше қызығушылық тудырды. Олар инновациялар исламдық қаржы құралдарына қолжетімділікті кеңейтіп, орнықты дамуға қалай ықпал ететінін көрсетті.

Қатысушылар атап өткендей, шариғат қағидаттарына негізделген цифрлық шешімдер тек дәстүрлі мұсылман елдерінде ғана емес, жаңа нарықтарда да сұранысқа ие. Бұл Қазақстандық әзірлемелерді сыртқы нарыққа шығаруға және исламдық стартаптардың ықпалын кеңейтуге елеулі мүмкіндіктер ашады.

Біз ислам экономикасының инвестициялардан бастап өмір салтына дейін көптеген бағытты қамтып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл форум аталған қозғалыстың технологиялық, этикалық әрі инклюзивті болашағы бар екенін көрсетті, — деді TIDAM агенттігінің директоры Айнура Умаева.

Іс-шара аясында АХҚО юрисдикциясынан жақында лицензия алған компаниялар — жаңа мүшелер ретінде Қазақстан Ислам қаржысы және бизнес қауымдастығына қабылданды. Бұл қадам кәсіби қауымдастықтың өсуін және Қазақстандағы ислам экономикасы экожүйесінің кеңеюін білдіреді.

Islamic Finance and Business Forum индустрия қатысушылары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, даму бағыттарын айқындады және алдағы өзгерістерге негіз қалады. Форум өңірдегі ислам экономикасының сұранысқа ие екенін ғана емес, сонымен қатар орнықты және әртараптандырылған болашақты қалыптастыру қабілетіне ие екенін нақты көрсетті.

Exit mobile version