Үкіметте ҚР премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша кеңес өтті.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиында сонымен қатар зорлық-зомбылықтың, буллиңнің алдын алу және балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру шаралары қаралды.
Кеңес барысында балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуға бағытталған мемлекеттік органдар қабылдап жатқан жүйелі шаралар талқыланды. Әсіресе, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтуге, профилактикалық жұмысты жандандыруға және балалар арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған заңнамалық әрі институционалдық өзгерістерге баса назар аударылды.
Әкімдіктер бұл жұмысқа белсенді араласуға тиіс. Ата-аналармен және ұстаздармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мектеп және медицина психологтарымен тығыз байланыс орнатуы қажет. Сонымен қатар жазғы сауықтыру маусымына дайындықты үнемі бақылауда ұстау керек. Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер институтымен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Оның қызметі тек әрекет етуге емес, алдын алуға да бағытталуға тиіс. Біз балалардың өміріне қауіп төнуіне жол бере алмаймыз, барлық уәкілетті органдар алдын ала әрекет етуі қажет, — деді Ермек Көшербаев.
Балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық шаралар аясында кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Буллиң үшін және 16 жасқа дейінгі балаларды қоғамдық көліктен күштеп түсіру жағдайларына байланысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді. 58 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, оның ішінде балаларды заңсыз әрекеттерге тарту белгілері бар 11 арна бұғатталды.
Әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы балалардың қатысуымен орын алады. Сондықтан біз балаларды тасымалдайтын барлық автобустарды тексеруді күшейттік. Қажет болған жағдайда полиция бір автобусты да жол бойы ілесіп жүруге дайын, — деді ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.