Бүгін Ақжайық ауданында Аналар күні және Халықаралық отбасы күніне орай «Қоғам және ана бейнесі: дәстүр мен жаңғыру үндестігі» атты облыстық форумы өтті.
Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Форумның мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, қоғамда ана мәртебесін көтеру, ұрпақ тәрбиесінің маңызын арттыру.
Форум меймандары аудан орталығына ат басын тіресімен, осындағы «Ақбота» балабақшасын бағытқа алды. Мектепалды даярлықты қамдайтын бұл мекеме ұлттық құндылықтар, халқымыздың салт-дәстүрі, отбасы қадірін айшықтайтын жұмысымен алыс-жақынға танымал.
Форумның пленарлық мәжілісіне аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыс әкімінің кеңесшісі Жансұлу Төремұратова, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, аналар кеңесінің мүшелері, ұстаздар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Мұнда алдымен қонақтар фойеде ұйымдастырылған «Аңыз болған аналар» рухани көрмесін тамашалап, атақты аналардың бейнелерімен танысты. Бұл көрмені ұйымдастырудағы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің еңбегін атап өту керек. Тұтас ұжым тарихымызда есімі алтын әріппен қатталған Тұмар патшайым, Қыз Жібек, Абайдың әжесі Зере, күй анасы Дина, Жұбандай жасын ұлды қазаққа сыйлаған Зеріп ана, батыр қыздар Әлия, Мәншүк пен Хиуаз, «Қазақтың Нарқызы» атанған Қаламқасты сомдап, әрқайсысының ел тағдырындағы маңызды үлесін атап өтті.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Сердалин отбасы десе, ең алдымен шаңырақтың шаттығын шалқытқан, баланы мейірімімен аялаған ана бірінші орында тұратынын, бүгінгі форумның қоғамдағы отбасы рөлі, әйелдердің, әсіресе аналардың рөлін терең зерделейтін, маңызды ой мен нақты іске бағыттайтын алаң болатынына сенім білдірді.
Ардақты ана, ғазиз қарындас, адал жарды қастерлеу, сол арқылы отбасының берік негізі болар отанасын тәрбиелеу – халқымызға тән қасиет. Тәуелсіз мемлекетіміздің берік болуы, жасампаз ұрпақтың өсіп-жетілуі – шаңырақтың шаттығы болып табылатын әйелдің арқасы. Тірліктің қайнар бұлағы деп халқымыздың анаға теңеу беруі де сондықтан. Бүгінгі шараның аналардың белсенділігін арттыру, отбасы құндылықтарын дәріптеп, насихаттауда бұдан да іргелі істерге арқау болатынына сенімдімін. Ортақ мақсат – бақытты отбасы, берекелі қоғам, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу үшін бір болайық! – деді ол.
Сахна төріне шыққан спикерлердің әрқайсысы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасындағы тәрбие, ананың мейірімі мен жауапкершілігінің қоғамға тигізер ықпалы жөнінде әсерлі ой қозғады. Айталық, Жансұлу Менешқызы отбасылық құндылықтардың маңызын атап өтіп, жанұя ұлттың рухани тірегі болып табылатынына тоқталса, Гүлжанар Болатқызы гендерлік теңдік, ана мәртебесі және әйелдердің қоғамдағы орны жөнінде ой қаузаған баяндамасында мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау, отбасы институтын нығайтудың маңызын атап көрсетті.
Базаршоландық еңбек ардагері, көпбалалы ана Орынша Ермұқанова аналар кеңесінің төрайымы ретінде «Ана мейірімі – қоғам нұры» тақырыбында сөз сөйлеп, қыз бала тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау мен насихаттауға ерекше тоқталды. Ал Абай атындағы мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Ерментаева тәрбиенің бастауы отбасында екенін мығым айтып, білім ошақтарындағы соны бастамалардың нәтижесі жөнінде тұжырымды ойын ортаға салды.
Бұл шарада сонымен қатар аудандағы ұлағатты аналар мен өнегелі отбасылар облыстық қоғамдық даму басқармасының алғыс хаттарымен марапатталды. Марапатталғандар қатарында Базартөбе ауылынан Сәлімовтар, Жаңабұлақ ауылынан Сәрсеновтар, Будариннен Тілегеновтар жанұялары болды.
Форумның қарары таныстырылып, отбасы құндылықтарын насихаттау жолындағы жұмыстар жалғасын табатыны айтылды. Аналар бас қосқан мағыналы шараны аудан көркемөнерпаздары Жұбан Молдағалиевтің аналарға арнаған «Ғашық болып өтеміз» әнімен әдемі түйіндеді.