Басты бет Жаңалықтар Елдің мақта өнімі қай елдерге экспортталады?

Елдің мақта өнімі қай елдерге экспортталады?

Фото автордан
Қазақстанда 25 мыңнан астам агроқұрылым мақта шаруашылығымен айналысады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мақта шаруашылығы — Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніндегі маңызды салалардың бірі. Бұл сала халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отыр.

Мақта егілетін негізгі алқаптар Түркістан облысында орналасқан. Мұнда 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді, оларда шамамен 70 мың адам еңбек етеді.

2024 жылы мақта егісінің көлемі 106,4 мың гектарды құрап, гектарына 28,3 центнер өнім алынған. Нәтижесінде 301,7 мың тонна мақта шикізаты жиналды. Биыл заманауи технологияларды қолдану есебінен егіс көлемін 135,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.

Сала мемлекеттік қолдау мен су үнемдеу технологияларының енгізілуі арқасында тұрақты дамып келеді.

Мысалы, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап көлемі 50 мың гектарға дейін ұлғайып, дәстүрлі тәсілмен егілетін егістік көлемі 19,3 мың гектарға азаймақ. Бұл су ресурстарын үнемдеуге және климаттық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді.

Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70–75 мың тонна мақта талшығын өндіреді. Өнімнің 85%-і Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту басты назарда.

Мақта саласын дамыту жөніндегі Жол картасы және мақта-тоқыма кластерін қолдау аясында Түркістан облысында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Жобаның жалпы құны — 146,8 миллиард теңге. Заманауи технологияларды енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын күшейту және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру — Қазақстанда мақта шаруашылығының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына, сонымен қатар елдің экспорттық әлеуетінің артуына берік негіз қалайды.

Exit mobile version