Басты бет Жаңалықтар Алматы облысында «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі басталды

Алматы облысында «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі басталды

Фото: JORYQ ат спорты федерациясының баспасөз қызметі
Алматы облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің ашылу салтанаты өтті.

Бұл туралы JORYQ ат спорты федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Салтанатты рәсім Бақанас тасжолының бойында ұйымдастырылып, ресми қонақтардың көрмені аралауынан басталды. Одан кейін көпшілік Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарды үнсіз еске алды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны шырқалды.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтау сөзінде бұл бәйгенің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі маңызына тоқталып, атқа міну мәдениеті қазақ халқының болмысын танытатын құндылық екенін атап өтті.

«Ұлы дала жорығы» – бұл тек жарыс емес, ол – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ұлттық мұрамызды жаңғыртатын үлкен алаң. Бұл бәйге арқылы біз мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді насихаттап қана қоймай, ел мен ел, жер мен жер арасындағы байланысты нығайтамыз, – деді облыс әкімі.

Биылғы марафонға еліміздің 13 өңірінен және алты шет мемлекеттің (Оңтүстік Африка, Қырғызстан, Мажарстан, Иран, Ресей Федерациясы, (Татарстан) өкілдерінен құралған командалар қатысып жатыр. Олар алдағы бес күнде 500 шақырымды еңсеріп, төзім мен шеберлікті сынайды.

Exit mobile version