Басты бет Жаңалықтар Ерболат Досаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Ерболат Досаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады

Фото: Алматы әкімдігі
9 мамыр қарсаңында Алматы әкімі Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне барып, сыйлықтар табыстап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтауын жеткізді.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Сонымен қатар мемлекет басшысының тапсырмасымен ардагерлерге «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.

Ольга Андреевна Савенкоға 9 мамыр күні 102 жасқа толады. Алматыда 7 сынып тәмамдаған соң Ленинградтағы әскери байланыс училищесіне оқуға түскен. Майданға 1941 жылдың қыркүйегінде 18 жасында аттанып, Жеңіс күніне дейін борышын адал өтеген. Ол 1-ші және 2-ші Беларусь майдандарының байланыс полкінде қызмет етіп, Польшаны, Германияны азат етуге және Берлин үшін шайқастарға қатысқан. Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Отан соғысы орденімен, «Кенигсбергті алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Соғыстан кейін туған қаласына оралған ол өмірінің 57 жылын Алматы телеграфында жұмыс істеуге арнады. Жолдасымен бірге екі қыз тәрбиелеп өсірді. Жылы әрі жайлы атмосферада өткен кездесуге ардагердің немересі де қатысты. Әңгіме барысында Ерболат Досаев Ольга Андреевнаға бейбітшілік үшін алғыс білдіріп, оның өмір жолы баршамызға ерлік пен Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі екенін атады. Қала әкімі шын жүректен ардагерді алдағы туған күнімен құттықтап, Ұлы Жеңіске қосқан баға жетпес үлесі үшін ризашылығын білдірді.

ардагер
Фото: Алматы әкімдігі

Сізге қарап, көңілге қуаныш ұялайды. Сіздің көркем мінезіңіз бен өмірге деген құштарлығыңыз бізге шабыт береді – бұл өте маңызды. Ольга Андреевна, өзіңізбен қатар отырып, күлкіңізді көру – үлкен қуаныш. Қазіргі жастардың бойында сіздегі бар қуат пен сергектік дарысын. Сізге шын жүректен зор денсаулық тілеймін, – деді Ерболат Досаев.

Екатерина Александровна Барановаға кездесу де сондай жылы әрі жайлы жағдайда өтті. Әкімді ол пәтерінде жиенімен бірге қарсы алды.

Ардагер Курск облысында туып-өскен. Жеті сынып бітіргеннен кейін фельдшер мамандығы бойынша медтехникумға түскен. Туған жері жаудан азат етілген соң Екатерина Александровна әскерге шақырылып, 1-ші Украина майданына жіберілген. Ол лазаретте жараланған сарбаздарға қамқорлық көрсетті. Жеңісті Чехословакияның Карловы Вары қаласында қарсы алған.

Ерлігі мен жанқияр еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен және басқа да медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін жұбайымен бірге оның туған жері Қазақстанға қоныс аударып, ұл өсіріп, ұзақ жыл министрлер кеңесі жанындағы ауруханада қызмет еткен. Қазірдің өзінде денсаулығына қарамастан, рухы мықты, санасы сергек.

Ерболат Досаев Екатерина Александровнаға отты жылдардағы жанқиярлық еңбегіне шексіз құрмет пен алғыс білдірді.

Сіз 1943 жылдан бастап майданда медбике болып жұмыс істеп, талайды ажалдан арашалап қалдыңыз. Сізге мың алғыс. Шын жүректен зор денсаулық пен көтеріңкі көңіл-күй тілеймін, – деді әкім.

Қала басшысын 101 жастағы Қамбар Әмірұлы Сәрсенов пен оның немересі, келіні мен шөбересі шаңырағында қуана қарсы алды. Әкім ардагерге соғыс жылдарындағы ерлігі, еңбекке адалдығы мен қаһармандығы үшін алғыс айтып, зор денсаулық, амандық пен ұзақ ғұмыр тіледі.

Exit mobile version