Басты бет Жаңалықтар Шекарасыз ислам қаржысы: Астанада өңірлік форум өтеді

Шекарасыз ислам қаржысы: Астанада өңірлік форум өтеді

Фото: Астана халықаралық қаржы орталығы
2025 жылғы 19 мамырда Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Islamic Finance and Business Forum атты форум өтеді.

Бұл – ТМД және Орталық Азия өңіріндегі ислам экономикасы мен бизнесі саласының кәсіби мамандарына арналған маңызды іс-шара. Форумға қатысу тегін, сілтеме арқылы алдын ала тіркелу міндетті.

Форумға кәсіпкерлер, инвесторлар, банкирлер, мемлекеттік құрылым өкілдері, исламдық финтех-стартаптар, зерттеушілер мен медиа саласының мамандарынан тұратын 200-ден астам қатысушы жиналады деп күтіліп жатыр. Қатысушылар стратегиялық сын-тегеуріндерді, тұтынушылық мінез-құлықтың трансформациясын, цифрлық технологияларды және ислам бизнесіндегі әйелдердің рөлін талқылайды.

Форум бағдарламасы панельдік пікірталастарды қамтиды. Оған ислам банктерінің, халықаралық ұйымдардың және инновациялық платформалардың өкілдері қатысады. Сонымен қатар финтех-бастамалардың таныстырылымдары мен халал өнімдерді ілгерілетуге арналған тәжірибелік кейстер ұсынылады.

Форумның басты оқиғаларының бірі — халықаралық WOMANi марапаттау салтанаты. Бұл шара алғаш рет Қазақстанда өтпек және ТМД мен Орталық Азия елдеріндегі ислам экономикасының ең ықпалды әйелдерін марапаттауға арналады. Сонымен қатар форум барысында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, бірлескен бастамалар іске қосылады.

Форумды АХҚО қолдауымен Ислам қаржысы және бизнесі қауымдастығы (AIFB) мен Tidam коммуникациялық агенттігі ұйымдастырады.

Exit mobile version