9 мамыр күні сағат 21:00-де Абай алаңында Жеңістің 80 жылдығына орай Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына ерекше жарық шоуы ұсынылады – 500-ден астам дрон қатысатын ауқымды көрініс өтеді.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Көрсетілімнің басты ерекшелігі – соғыс жылдарында Қазақстанды даңққа бөлеген батырлардың бейнесі көрсетіледі. Алматы аспанында аты аңызға айналған қаһарман қыздар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, сонымен қатар Бауыржан Момышұлының бейнесі жарық арқылы жанданады. Заманауи технологиялар мен жарық анимациясының көмегімен батырлардың ерлігі мен рухы көріністер арқылы елге таныстырылады, — делінген хабарламада.
Дрон-шоуды тамашалауға арналған бірнеше ыңғайлы алаң дайындалды. Басты орындар: Абай алаңы, «Қазақстан» қонақүйінің маңы, Caspian University жанындағы орын және Абай даңғылы бойындағы аумақтар – Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейін.
Іс-шараны дайындау және өткізуге байланысты 9 мамыр күні сағат 18:00-ден 21:30-ға дейін қала орталығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі. Абай даңғылының Назарбаев даңғылынан Достық даңғылына дейінгі бөлігі, сонымен қатар Достық даңғылының Құрманғазы көшесінен Сәтбаев көшесіне дейінгі аралығында жол жабылады.