Алматы облысы прокуратурасымен жүргізілген тексеру нәтижесінде айып тұрағындағы тәркіленуге жатқызылған мүліктерді тонау фактісі анықталды.
Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.
Атап айтқанда жалпы құны 100 миллион теңгеден асатын Volvo FH маркалы жүк көлігі әкімшілік іс бойынша тәркіленіп, мемлекет кірісіне өндірілуі керек болған. Алайда сақтауда тұрған кезде аталған жүк көлігі бөлшектеліп, ұрланған.
Тәркіленуге жататын басқа да мүлікті жасыру фактісі ашылды. Қылмыстық іс аясында құны 8 миллион теңге болатын Mercedes E350 маркалы көлік күдіктінің әкесіне сақтауға берілген. Кейіннен сот бұл көлікті мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ соттың шешіміне қарамастан, күдіктінің әкесі сақтау міндетін орындаудан бас тартып, көлікті жасырып қойған, — деп жазылған хабарламада.
Анықталған бұзушылықтар туралы сотқа дейінгі тергеу органдарына түпкілікті шешім қабылдау үшін құжаттар жолданды.