Басты бет Жаңалықтар БҚО-да Қазақ киносының онкүндігі «Қара қыз» көркем фильмімен ашылды

БҚО-да Қазақ киносының онкүндігі «Қара қыз» көркем фильмімен ашылды

Фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысында қазақ киносының онкүндігі басталды. Іс-шара аясында БҚО тұрғындарына отандық киноның жетістігі мен қазақ режиссерлардың туындылары ұсынылады. Мұндағы әрбір кинокартина мемлекет тарихындағы негізгі кезеңдерді баяндап, көрнекті қоғам қайраткерлерінің өмірін таныстырмақ.

Маңызды іс-шараның ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров пен белгілі режиссер Талғат Теменов, аймақтағы мәдениет саласының өкілдері мен зиялы қауым қатысты.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда киноиндустрияны дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударған болатын. Бұл бағыт –  жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу мен қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды тетігі. Өңірлерде мемлекет қаржыландыратын фильмдерді ұлттық киноны кеңінен насихаттауға көмектеседі, — деді Нариман Төреғалиев.

көрермен
Фото: БҚО әкімдігі

Сонымен қатар Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров Кино күндері аясында ұсынылатын фильмдерге тоқталды.

Бүгінде қазақ киносы шығармашылық өрлеу кезеңін бастан кешіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ министр Аида Ғалымқызы Балаеваның жүйелі қолдауының арқасында біз сапалы фильмдер түсірумен қатар, ұлттық мәдениетке қолжетімділікті арттыруды жалғастырып жатырмыз, — деді Әділет Омаров.

Отандық кино онкүндігінің бірінші күні көрермендерге белгілі режиссер Талғат Теменовтың «Қара қыз» фильмі ұсынылды. «Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Мұнда соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек еткен азаматтардың адами құндылығын баяндайды.

Фото: БҚО әкімдігі

Соғыстың қасіреті, адамзат жанына салған жарасы ешқашан жазылмақ емес. Сол секілді осынау бейбіт өміріміз үшін жанын беріп, майдан даласында қыршыннан қиылған боздақтардың ерен еңбегін де мәңгілік жадымызда сақтау – парызымыз. Ал мұндай фильмдерді жер-жерде ұсыну оң бастама, әсіресе жас ұрпақ мұны көрсе, өзгеше ой түйсе дейміз, – деді фильм режиссеры.

Бұған дейін Қазақ киносының онкүндігі Қарағанды облысында басталып, Жамбыл, СҚО-да жалғасын тапты. Алдағы уақытта бұл үрдіс жалғасып, еліміздің өзге қалалары мен ауылдық округтерінде де ұйымдастырылмақ. Шара аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылады. Жекелей жіктесек, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» фильмдері арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығуға болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеліп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі еселенбек. Кішкентай көрермендерге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды көрсетіледі.

Бір айта кетерлігі, бұған дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен 117 картина түсірілген. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер.

Exit mobile version