Басты бет Жаңалықтар БҚО-да қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылды

БҚО-да қуаты 12 мегаватт болатын жаңа жылу электр турбинасы іске қосылды

Фото: БҚО әкімдігі
Оралдағы жылу электр орталығында- қуаты 12 мегаватт болатын жаңа №1 турбина іске қосылды. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Осы турбинаның 100% тозығы жетіп, 10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған болатын. Нәтижесінде ескі турбинаның орнына 3,2 миллиард теңгеге жаңа турбина сатып алынып, пайдалануға берілді.

Жаңа турбинаның іске қосылуы өз кезегінде энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта жылу электр орталығындағы өндіріс 46 МВт-ты құрайды. Жаңа турбинаның арқасында өндірілетін электр энергиясының қуаты 12 МВт-қа артады.

Қасым-Жомарт Тоқаев: энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі екенін атап өткен болатын. Облысымызда энергияны тұтыну қарқыны жылдан жылға артуда. Кейінгі 10 жыл ішінде электр қуатын тұтыну көлемі 30%-ке өсті. Бұл өз кезегінде энергия қуаттылығын арттыруды қажет етеді. Бүгінгі іске қосқан жаңа турбина тұрғындарымызға берілетін электр энергиясының мөлшерін арттыруға ықпал етеді,- деді Нариман Төреғалиұлы.

Айта кету керек, кейінгі екі жылдың өзінде жылу-энергетика саласын жаңғырту мақсатында бюджеттен 15,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталған. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды жобалар іске қосылды. Атап айтқанда: насостық стансадағы тарату құрылғысы, градирня, жаңа қазандық, №2 және №5 жылу магистралін қайта жаңғырту, сонымен қатар Зашаған кентіндегі жаңа қазандықтың құрылысы.

Сонымен қатар Жапонияның әйгілі Hitachi турбинасына жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – екіжақты келіссөздердің оң нәтижесі.

2035 жылға дейінгі аралықты қамтитын, 32 жобадан тұратын жол картасы бекітілген болатын. Онда: қысқа мерзімді — жалпы құны 33,9 млрд теңгеге 6 жоба; орта мерзімді — 117,7 млрд теңгеге 12 жоба; ұзақ мерзімді — 135,1 млрд теңгеге 13 жоба қарастырылған.

Қазіргі таңда қысқа мерзімде іске асырылуы тиіс жобалар дайын. Олар: Орал қаласы мен Зашаған кентіндегі №1 және №2 қазандықтардың жылу желілерін жаңарту, 6 және 7-жылу магистралдерін қайта құру, Құрылысшы және Солтүстік-Шығыс шағынаудандарындағы ішкі жылу желілерін ауыстыру жобалары. Сонымен бірге жылу электр орталығындағы №3 турбоагрегат, үш жылу магистралі мен үш энергетикалық қазандықты жаңарту жобалары да әзірленіп жатыр.

Exit mobile version