Басты бет Жаңалықтар Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

Фото: depositphotos.com
Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі 16% болып белгіленді, ал міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бұл туралы парламент мәжілісінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

Кодекс мемлекет басшысының жарлығы мен жолдауын және үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.

Депутаттық корпус пен үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында үкімет ұсынған 20%-тік мөлшерлеме 16%-ке дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сонымен қатар баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70%-тен 80%-ке дейін ұлғайтылды.

Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

  • жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа – 10% (жылына 33,5 миллион теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;
  • дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК-ке дейін – 5% (1 миллиард теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;
  • резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК-ке дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.

Exit mobile version