Басты бетТанымЖоқтау айту...

Жоқтау айту үрдісі жойылып барады

Жоқтау немесе элегия (гр. ἐλεγεία – жоқтау) — дауыс қылу деп те аталады, қазақ халқының әдет-ғұрпында адам қайтыс болған күннен бастап оның жылы өтіп, асы берілгенше жоқтау айтылады. Қазаны естіген жанашыр туыстар ауылға “ой,бауырым» деп ат қойып шауа келіп, атынан жығыла түсіп, жақындары жоқтау айтып, қайғылы сарынмен көріседі.

Жоқтау — өмірден қайтқан әрбір адамға айтылатын жақын туыстарының ішкі мұң-шерінен шыққан күйік зары. Кезінде ата-бабамыз жоқтауына қарап өмірден қайтқан жанның кім екенін, қандай адам болғанын бағамдай білген екен. Тіпті Көне түркі Оғыз, Күлтегін жырларында да жоқтауды кезіктіресіз. Ежелгі дәуір әдебиетіндегі Алып Ер Тұңғаны жоқтау жыры күні бүгінге дейін жетіп, сол дәуірден сыр шерткен мұра болып қалып отыр. «Бөрідей жұрт уласып, Өкірген үнін өршітіп, Көздерден жасын көлдетіп, Саналар ішті жандырды, Жазылған жара жаңғырды» деген жолдардан халықтың қатты қайғырып, Ердің жоғын жоқтасқаны көрінеді.

Жоқтау салтын ғылыми негізде алғаш боп зерттеген Шоқан Уәлиханов жоқтау жырын «Табыт басындағы зар» деп атап, жазбасында көшпелі өмір сүрген қазақ салтындағы азаматы қаза тапқан қаралы ауыл дүниеден өткен адамның жасына қарай жалау тіккенін айтады. Егер өлім жас болса қызыл түсті жалау, егер орта жастағы азамат өтсе, қара түсті, ал қарт адам қаза болса, ақ түсті аза жалауын үйдің түңлігіне ілген.

Одан өзге Әбдірахман ұлынан айырылған Абай ақынның: «Кешегі өткен ер Әбіш, елден асқан ерек-ті, жүрегі жылы, бойы құрыш, туысы жаннан бөлек-ті» деген ішкі күйігі бір емес, бірнеше жоқтау жырының туындауына түрткі болған.

Әрине, жоқтау жырының тарихы терең. Қазақы салтта қаза тапқан жанның жақындары ғана дауыстап жоқтай алған. Ер адамдар қаза тапқан жақынына қабырғасы қайысып қатты қайғырса да, оны дауыстап жоқтамаған. Көңіл айта келген ағайындарды қарсы алып жыласып көріскен. Бұл күні бүгінге дейін солай. Ал әйелдер қауымына дауыстап әнге салып, ішкі күйік-зарын шығаруға рұқсат етілген.

Жалпы жоқтау адам қайтқан күннен бастап салт бойынша жылына дейін айтылады. Жыр мәтіні көбіне қайтқан жанның жақсылықтарынан тұрады. Себебі, дүниеден озған адамның жамандығын көрсету күнә деп санаған. Сондай-ақ, некедегі әйелдер азаматы дүниеден озғанда, шашын жайып жіберіп жоқтаған. Мұны «сенсіз енді мен де жоқпын» деген адал жарының өліміне өкініш қана емес, оның өр тұлғасына деген үлкен құрмет деп білген. Не десек те, заманның қыңыр ағысы толқындатса да, өзіңдік ұлттық менімізден айырылмай, ұлттық дәстүрімізді сақтағанымыз абзал.