Басты бет Жаңалықтар БҚО-да «Ұлы даланың қызғалдағы» IV этномәдени фестивалі мәреге жетті

БҚО-да «Ұлы даланың қызғалдағы» IV этномәдени фестивалі мәреге жетті

Фото: БҚО әкімдігі
Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданындағы Қайыңды ауылы бейресми «қызғалдақтың Отаны» болып есептеледі.

Осы өңірде 24 сәуірден бастау алған «Ұлы даланың қызғалдағы» IV этномәдени фестивалі мәреге жетті. Айта кету керек, жусаны мен жуасы аңқыған киелі мекенде қызғалдақтың 12 түрі өседі.

Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев, облыстық мәслихат депутаты Самат Хасанов және осы фестивальді тамашалауға келген аудан қонақтары қатысты.

Фестиваль аясында көптеген тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның ішінде төртінші мәрте өткен «Қызғалдақ көктем» эстрадалық ән орындаушылар байқауын, ауданымызда алғаш рет өткен суретшілер симпозумын, Қайыңды ауылының тумасы, қазаққа 300-ден аса ән қалдырған, бір ғана әнімен жұрттың жүрегінен орын алған белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереевтің туғанына 75 жыл толуына орай арнайы кешті, аудандық іскер әйелдердің қолөнер көрмесін, қазақтың қанын тулататын ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған айтулы жарыстарды атап өтуге болады, — деді аудан әкімінің орынбасары фестивальдің жабылу салтанатында.

Одан әрі суретшілер Ахмет Ғиниятов, Жеңісбек Өтешов, Мэлс Отаров, Бекжан Жұмабаев, Қанат Оразов, Мұхит Құрақ, Талғат Ғизатовтарға алғысхат табысталды.

Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Қызғалдақ көктем» эстрадалық ән орындаушылар байқауының қатысушылары мен жеңімпаз-жүлдегерлері де тарту-таралғыдан құр қалмады. Байқау қорытындысында І орынды иеленген Олжас Оспан (Семей) мен Ержан Мырзахметовке (Атырау) 200 мың теңге, ІІ орын иеленген Аружан Баимурзина (Бөрлі ауданы) мен Махамбет Нұрахметовке (Жаңақала ауданы) 100 мың теңге қаржылай сый берілді. ІІІ орын иеленген Тасқын Әжібай (Қостанай), «Дарын» тобы (Түркістан қаласы), Динара Аубекерова (Казталов ауданы) 80 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Бас жүлдегер атанған Рустам Хафезов (Орал) 350 мың теңгелік жүлдеге қол жеткізді.

Exit mobile version