Басты бет Жаңалықтар Абай облысында екі кәсіпкер заңсыз құм өндірген

Абай облысында екі кәсіпкер заңсыз құм өндірген

Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі
Абай облысында заңсыз құм өндіріп, 150 миллион теңге тапқан екі кәсіпкер істі болды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.

Агенттіктің мәліметінше, Абай облысындағы екі кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс аяқталды. Олар 2023 жылғы қыркүйек пен 2024 жылғы қазан аралығында Семей қаласы аумағында лицензиясыз құм өндіріп, оны сатқан. Нәтижесінде күдіктілер заңсыз түрде 68 мың тоннадан астам құм өндіріп, мемлекетке 272 миллион теңге көлемінде залал келтірген.

Кейіннен құрылыс материалдарын өндіруші зауыттарға құмды өткізу жалған сәйкестік сертификаттарын пайдалана отырып, жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылған. Оны сатудан түскен қылмыстық табыс 150 миллион теңгеден асты.

Күдіктілер осы қаражаттың бір бөлігін фронтальды тиегіш сатып алуға жұмсап, қосымша 6,2 миллион теңге мөлшерінде табыс тапқан. Соттың санкциясымен күдіктілердің 181 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Мүліктердің қатарында 11 автокөлік, екі пәтер, жер учаскесі және 17 миллион теңге көлеміндегі дебиторлық қарыз бар. Іс айыптау актісін бекіту үшін прокурорға жолданды, — делінген хабарламада.

Exit mobile version